Түркістан қаласында «Тарлан» спорттық жекпе-жек және спорттың күштік түрлеріне арналған әмбебап дене шынықтыру және сауықтыру кешені ашылды. Кешеннің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан бокс федерациясының өкілдері, бокстан Олимпиада жеңімпаздары мен Әлемдік жарыстардың чемпиондары, құрметті жаттықтырушылар және қала басшылары қатысты.
Спорт кешенінің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті С.Қонақбаев, қала әкімі Б.Әшірбеков, облыстың құрметті жаттықтырушысы А.Ақжол Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов дүниеге келген топырақта мұндай спорт кешенінің ашылуы қуанышты жағдай екендігін айта отырып, осында тәрбиеленген спортшылар әлемдік додаларда ел намысын қорғайтынына сенім білдірді. Бас демеуші – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы.
Бұл нысан өңірлердегі спорттық инфрақұрылымдарды дамыту жөнінде федерация президенті Т.Құлыбаевтың берген тапсырмасына орай қабылданған бағдарлама аясында алғашқы іске асқан дене шынықтыру және сауықтыру кешені. Мұнда арнайы жабдықталған спорт залдарында тәжірибелі жаттықтырушылардың жетекшілігімен бокс, күрес, дзюдо, таэквондо және ауыр атлетика секциялары жұмыс істейтін болады. Спорттың осы түрлері бойынша федерация қызметі спорттық жекпе-жек және спорттың күштік түрлері конфедерациясына біріктірілді. Ал бұл өз кезегінде жаттықтыру процесстерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Осы тектес спорттық нысандарды барлық облыстарда салу жоспарланған.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=VNncoOQRGFU[/youtube]
Мұндай шаралар өңірлердің ішкі мүмкіндіктері мен жоғары спорттағы жетістіктерін еселеуге жол ашады, бұқаралық дене шынықтыру қозғалысын дамытуға жағдай жасайды. Түркістан қаласындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы бір жыл ішінде аяқталып отыр. Осы спорттық нысанның пайдалануға берілуі әлеуметтік салада жүзеге асып отырған мемлекеттік саясаттың айғағы, жергілікті мемлекеттік органдар мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының өзара әрекеттесуінің нәтижесі.
Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі