Түркістанға отандық көгілдір отынның көзі келгелі халықтың қуанышында шек жоқ. Алайда, оны үйді-үйге тарату оңайға соқпай тұр. Көмір мен тезектен құтылып, күл шығармайтын болдық деген ағайынның арманы қаржыға келіп тірелді. Онсыз да қымбатшылық жағадан алғанда, әр үйге газ кіргізу 250 мың теңге болып бекітіліпті. Бұл сома қарапайым халықтың қуанышын су сепкендей басты.
Айна Бейсалова туылғанынан киелі шаһарда тұрады. Елу жыл дегенде келген көгілдір отынды үйіне кіргізіп алу үшін барын салыпты. Қарызданып-қауғаланса да көршілерінен қалмаймын деп, 250 мың теңгеге үйіне газ кіргізген. «Әзірге 75 мыңын төледім. Қалғанын уақыт көрсетеді. Бірақ, мына бағаны халықтың қалтасы көтермейді» деп қосты ол. Сол себепті көгілдір отынды үйге кіргізу құны арзандаса деп тілейді.
Газбен қамту жұмысы жүргізіліп жатқан «Бекзат» шағынауданы тұрғындарының шағымы бір. Тұрақты жұмысы жоқ түркістандықтар үшін 250 мың теңгені табу, оны бөлеп төлеу қиынға соғып тұр.
Халыққа салмақ салып отырған бағаны «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның басшысы бекітіп беріпті. Мекеменің Түркістандағы бөлім басшысының айтуынша, газдандыру мемлекеттің емес, акционерлік қоғамының есебінен жүргізілуде. 250 мың теңгенің ішіне құбырды үйге кіргізуді жобалаудан бастап, қажетті құрал-жабдықтарды орналастыруға дейінгі жұмыстар кіреді екен. Әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылмаған, тек қаржыны банктің қызметі арқылы бөліп төлеуге болады дейді мамандар.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=pQi9ugk99fM[/youtube]
Руслан Шерниязов, Түркістан қалалық газ шаруашылығы мекемесінің басшысы: «Халықтан тапсырыс аламыз. Солардың келісімдерімен газ тарту жүріп жатыр. Ешкімді қинау жоқ бізде. Біздің компания тарапынан «ақшаны бөліп төлеу» деген бар. Бөліп төлеу, немесе 30,50 пайызын алдын ала төлеп, қалғанын сосын тоғыз айға бөліп төлеуге болады.»
Түркістан- отандық газды ала бастаған алғашқы қала. Оның жылдық газ тұтыну қажеттілігі — 92 миллион текше метр. Қаладағы газ тұтынушылар қатарында 40 мың тұрғын үй, 384 коммунальдық-тұрмыстық нысандар, 70 өнеркәсіп орындары бар. Ал газдандыру жұмысы 3 кезеңде атқарылады деген жергілікті биліктен биыл бір тиын да бөлінбепті.