Жәрмеңкеде көкөніс қымбаттады

461
көкөністердің бағасы 500 теңгеден басталды

Жәрмеңкенің бағасы көпшіліктің көңілінен шықты. Сауда орындары мен дүкендердегі бағадан анағұрлым арзан өнімді шымкенттіктер таласа сатып алды.

көкөністер

Таң рауандап атысымен-ақ, Әл Фараби алаңындағы жергілікті өнімдердің саудасы басталып кетті. Шымкенттіктер арзан өнімдерді сатып алуға ағылды. Ал жәрмеңке сатушыларының сөзіне сенсек, өнімдер арзан ғана емес, сапасы да сын көтереді.

Гүлнәр Бақытбек, қала тұрғыны: «Маған бәрі ұнады, таза жергілікті өнімдер болған соң, қуана алып жатырмыз. Тәтті кәмпиттерді де сатып алдым.»

Нұржан Сегізбаев, қала тұрғыны: «Біз тағы да 25 келі құмшекер алғымыз келген еді әдеттегідей, бірақ, бұл жолы бермей жатыр. 5 келіден артық бермейміз дейді. Тіпті 1-2 келі де бермейді, тек 5 келіден сатады екен.» 

кептірілген жидектердің бағасы 450 теңгеден бастап саудаланды

Сатушылар бұл қадам алыпсатарлардың жолын кесу үшін деп ағынан жарылды. Жерлестерімізді бұдан бөлек қияр мен қызанақтың да бағасы алаңдатты. Айтуларынша, көкөністердің бағасы кәдімгі сауда орындарынан айырмашылығы жоқ.

Ольга Семенова, қала тұрғыны: «Мұндағы өнімдердің бағасының базардағыдан айырмашылығын көріп тұрған жоқпын. Сапасы да сол. Көкөністердің бағасы шарықтап тұр. Мәселен, қияр мен қызанақтың бағасы кәдімгі дүкендермен бірдей ғой — 500-600 теңгеден. Қалғандары сәл-пәл арзандау.» 

көкөністердің бағасы 500 теңгеден басталды
 

Ал ет, ұн , макарон және сүт өнімдерінің бағасы көңілге қонымды дейді жерлестеріміз. Мысалы, жылқы етінің келісі 1000 теңгеден саудаланды. Ал туралған еттің келісі 800 теңгеден ұсынылды. Жәрмеңкенің сатушысы Владимир Осиповтың айтуынша, ет Көксәйектен жеткізеді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ocOo5UkEKFw[/youtube]

Владимир Осипов, сатушы: «Еттердің сапасы да жақсы, ең бастысы, біз мұнда базар және дүкендерден анағұрлым арзан сатамыз. Және жәрмеңкеде сұраныс та көп. Қанша өнім әкелсең де түк қалмай өтіп кетеді.»

Жерлестеріміз сапалы әрі бағасы тиімді өнімдерді тұтыну үшін мұндай жәрмеңкелердің жалғасын тапқанын қалайды.