Жас қыздар арасында түсік жасату тыйылмай тұр

343
Студенттер дәрігерлермен кездесті

«Бүгінгі бойжеткендердің көбіне ана болу бақытының бұйыруы екіталай. Себебі, ерте бастан тұрмысқа шығудың және жасанды түсік жасатудың соңы қайғылы жағдайға әкелуі ғажап емес» дейді гинеколог мамандар. Жоғарғы оқу орындарының студентерімен, бойжеткендермен кездескен дәрігерлер мұндай жағдайларды ашып айтты. Ұстаздардың қатысумен өткен шарада студенттер мазалаған сауалдарын қойып, мамандардан жауап алуға тырысты. Ал 20 жастағы Перизат Құдайбергенова жасанды түсікке жүгінетін замандастарын жиі кездестіретінін жасырмады.

Перизат Құдайбергенова
Перизат Құдайбергенова

Перизат Құдайбергенова, студент: «Біздің жатақханадағы қыздардың көбі жігіттерге алданып жатады. Амалсыз тұрмысқа шығады. Балалы болған соң, ажырасып кетеді. Осындай көптеген жағдайларға куә болдым.  Сондықтан ерте тұрмысқа шығуды қолдамаймын. Мәселен, менің жасым — 20-да, бірақ мен өзім ана атануға әлі дайын емеспін деп есептеймін. 22 немесе 23 жаста тұрмысқа шығамын деп жүрмін.» 

Дүниежүзінде жыл сайын 45 миллионнан астам кәмелет жасына толмаған қыздар жасанды түсік жасатады. Оның ішінде шамамен 19 миллионы қауіпті болып саналады екен. Егер түсікті он төрттегі қыз жасатса, мұның жас ағзаға тигізер зардабы туралы ойлаудың өзі қорқынышты. Ал Қазақстанда жыл сайын 14 пен 18 жас аралығындағы 10 мыңға жуық қыз түсік жасатады.

 

Жаңагүл Егізбаева, ОҚГУ-дің аға оқытушысы: «Көбіне ауылдан келген жастар алғашында темекі тартып, ішімдікке әуестене бастайды. Сол кезде біз студенттерге тәрбие сағатын өтіп, тез арада түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Осы орайда ата-анамен бірігіп жұмыс жасау да түрлі жағдайлардан сақтайды. Бұған қоса, біз арулар үшін арнайы жиын өткізіп, көптеген сауалнамалар өткіземіз. Студент қыздарымыз үшін гинеколог-дәрігерлерді шақыртамыз, кездесуде олар көкейде жүрген мәселелерін айтып жатады.»

Студенттер дәрігерлермен кездесті

Кездесу барысында қыздардың басына жиі түсетін келеңсіз жағдайлардың шешілу жолдары да айтылды. Десе де, бүгінгі теріс қадам – өмірлік өкінішке әкелуі мүмкін. Дәрігерлер бойжеткендерге жасанды түсік жасату және түрлі жұқпалы дерттерге шалдығу,  жоғарғы дозалы гормондарды ішудің соңы бедеулікпен қатар адам өміріне қауып төндіретінін ескертеді.