Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматарға арналған арнайы кітапханада Айнұр Смандиярдың «Жүрегімнен жыр шығардым мен саған» әдеби-сазды кеші өтті. Тағдырдың тауқыметін жастайынан көрген мектеп интернатының тәрбиленушісі Айнұр Смандияр — І топтағы мүгедек. Жас ақынның туындыларында өмірге деген құлшыныс, туған жерге деген сүйіспеншілік көрініс тапқан. Жас ақынның бойындағы дарынды байқап, қолдау көрсеткен ұстазы Сырғакүл Құтжанқызына алғысы шексіз.
Айнұр Смандияр, жас ақын, Фарида Оңғарсынова жүлдесінің иегері: «Мен Ордабасы ауданының тумасымын. 11 жасқа дейін көзім көретін. 12 жасқа аяқ басқанда қиын жағдай орын алып, көзім көрмей қалды. 2007 жылы Шымкенттегі «Үміт» мектеп-интернатында оқыдым. Сол жылдан бастап өлең жаздым. Менің өнерге деген ынтамды қолдаған алғашқы ұстазым Сырғакүл Құтжанқызына алғысым шексіз.»
«Жанарым — менің жүрегім» фестивалінде Фариза Оңғарсынова атындағы жүлдені жеңіп алған Айнұрға домбыра сыйға тартылған екен. Содан бері талантты қыз қазақтың қасиетті аспабын жанына серік етіп, күйлерді тамжылта тартуды меңгеріп келеді.
Жас ақынның «Менің мектебім», «Анама», «Жан жылуы», «Жүрегімнен жыр шығардым мен саған» атты жырлары көпшілікке тараған. Патриоттық өлең шумақтарын бүгінде құрдастары мен ізіннен ерген інілері жатқа айтады.
Назима Исаханова, «Үміт» мектеп-интернатының оқушысы: «Айнұр әпкеміздің жырларының мән-мағынасы зор. Ән айтқаны да қатты ұнайды. Біздің жанымызды жақсы түсінеді.»
Жас та болса қиындыққа мойымаған Айнұрдың қайсарлығы бізге жігер береді дейді мүмкіндігі шектеулі жандар.