Газетіміздегі «Олар оралған жоқ» атты бастама оқырмандардың арасында қолдау тауып, редакциямызға хабарласушылардың саны артып келеді.
Сондай жандардың бірі Қуандық Адамбаев майдан даласынан оралмаған әкесі Адамбай Ахметовті іздейді.
Адамбай Ахметов 1902 жылы Төлеби ауданында (бұрынғы Георгиевка ауданы) туған.
Соғысқа дейін милиционер болған. Ұлы Отан соғысы басталған жылы өзі сұранып, ұрысқа аттаныпты. «Әкем діндар кісі болғандықтан, суретке түспепті. Қай майданда ұрысқа қатысқанын білмеймін. Соғысқа кеткенінде 4 жаста едім», – дейді Қуандық ақсақал.
Соғысқа кеткеннен соң, хабар-ошар болмаған, қара қағаз келмеген.
Әкесімен майдандас Лепшенко Яшко есімді ауылдасы: 1944 жылы ұрыс даласында Адамбайды көргенін айтыпты. Асығыс-үсігіс аман-саулық сұрасып, екеуі екі бағытқа қарай кете барған. Бүгінде Лепшенко Яшко да тірілердің арасында жоқ. Нақты қай майданда көргені есінде қалмапты.
Адамбай Ахметовтен екі бала қалған. Үлкені – Мүсірәтәллі, екіншісі – Қуандық. Қуандық Адамбаевтың айтуынша, Даңқ мемориалында А.Ахметов тегімен 4 адамның аты-жөні жазылған. Олардың қайсысы әкесіне арналып қашалғанын білмейді.
Сұм соғыс жалмаған бауыры жайлы дерек іздегендердің бірі – Аманжол Сухамбердиев. Аманжол ата 1939 жылы әскерге шақыртылып, соғысқа аттанған ағасы Кемелбек Сухамбердиев (суретте оң жақта) жайлы қандай да бір дерек іздейді. Бар білетіні соңғы хат 1941 жылдың күз айында Белоруссия жерінен келген. Аманжол атаның айтуынша, одан кейін ағасынан мүлдем хат-хабар болмаған. Қолда бары әскерде түскен жалғыз суреті ғана.
Құрметті оқырман!
Майдан даласынан оралмай, хабар-ошарсыз кеткен жоғарыда жазылған азаматтар жайында қандай да бір дерек білсеңіз, редакциямызға хабарласуыңызды сұраймыз.
Жәнібек НҰРЫШ