Өмірде түрлі жағдай болады. Арамызда аңғалдығының кесірінен сөмкесін қоғамдық орындарда тастап кететін, алаяқтардың арбауына түсіп әмиянын ұрлатып алатындар да бар. Мұндай кезде жеке заттармен бірге жеке куәлік, жүргізуші куәлігі де жоғалып жатады. Осы ретте жеке куәлігін жоғалтып немесе ұрлатып алған азаматтарға көмек бергіміз бар. Ендеше, біле жүріңіз!
Куәлігіңіз ұрланса
Жеке куәлікті ұрлатып алған жағдайда көп ұзамай тұрғылықты мекенжайы бойынша АІІД бөлімшесіне арыз жазу керек. Тергеуші өз кезегінде құжаттың ұрланғаны туралы анықтама береді.
Жеке куәлікті қалпына келтіру үшін:
1) АІІД бөлімшесінің құжаттың ұрланғаны туралы берген анықтамасын;
2) жеке куәліктің жоғалған жағдайын баяндайтын жазбаша өтінішті;
3) ұрланған жеке куәліктің көшірмесін (бар болған жағдайда);
4) 0,2 АЕК (370 теңге) көлемінде мемлекеттік баж алымын төлегендігін растайтын түбіртекті;
5) төлқұжатты (бар болса тексеру үшін түпнұсқа және көшірме);
6) мекенжай анықтамасы немесе азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесін (үй кітабы) тексеру үшін түпнұсқа және көшірме);
7) 3,5 x 4,5 см. өлшемді 2 фотосуретті тіркелу орны бойынша Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсыру керек.
Куәлігіңізді жоғалтып алсаңыз
Жеке куәлік жоғалған жағдайда, тіркелу орны бойынша ХҚКО-ға төмендегідей құжаттарды тапсыру керек:
1) жеке куәліктің жоғалған жағдайларын баяндайтын жазбаша өтініш;
2) 0,2 АЕК (370 теңге) мемлекеттік баж алымын төлегендігін растайтын түбіртек;
3) жоғалған жеке куәліктің көшірмесі (бар болған жағдайда);
4) төлқұжат (бар болса (тексеру үшін түпнұсқа және көшірме);
5) мекенжай анықтамасы немесе азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі ((үй кітабы) тексеру үшін түпнұсқа және көшірме);
6) 3,5 x 4,5 см. өлшемді 2 фотосурет.
16 жасқа дейінгі баланың төлқұжаты жоғалған жағдайда, оны қалпына келтіру туралы өтінішті баланың ата-анасының бірі немесе заңды өкілі ұсынады. Ал, 14 жасқа дейінгі баланың құжатын қайта рәсімдеу жұмыстарына баланың өзі қатысуы керек.
16 жасқа дейінгі баланың төлқұжатын рәсімдеу үшін:
1) төлқұжатты жоғалту жағдайларын көрсетумен жазбаша өтініш;
2) 4 АЕК (7408 теңге) мемлекеттік баж алымын төлегенін растайтын түбіртек;
3) жоғалған төлқұжаттың көшірмесі (бар болған жағдайда);
4) баланың туу туралы куәлігі (тексеру үшін түпнұсқа және көшірме);
5) ата-аналардың бірінің жеке куәлігі (тексеру үшін түпнұсқа және көшірме);
6) мекенжай анықтамасы немесе азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі (үй кітабы) тексеру үшін түпнұсқа және көшірме);
7) 3,5×4,5 см өлшемді 3 фотосурет қажет.
Айтпақшы, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 377 бабы 1 тармақшасы бойынша бір жылдың ішінде құжатын бірнеше рет жоғалтқан азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Яғни, оларға 5 АЕК ( 9260 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
Айта кетейік, жаңа жеке куәлікті дайындау 30 жұмыс күні ішінде іске асырылады. Дегенмен, белгілі бір себептерге байланысты мерзімді 7,10,15 жұмыс күніне дейін қысқартуға болады. Ол үшін:
7 жұмыс күні — 1989 теңге
10 жұмыс күні — 904 теңге
15 жұмыс күні — 563 теңге көлемінде мемлекеттік баж алымын төлесеңіз болғаны.
Жаңа куәлік дайын болғанша азаматтарға уақытша куәлік беріледі. Оны ХҚКО қызметкерлері өтініш берушінің қалауы бойынша – мемлекеттік немесе орыс тілінде қолмен толтырады. Уақытша жеке куәлікке азаматтың тегі, аты, әкесінің есімі, туған күні және жері, ұлты, тұрғылықты мекенжайымен қатар куәлік берілген күн, қолдану мерзімі, берген мекеменің атауы жазылады. Сондай-ақ, куәлік иесінің қолы қойылады.
Егер төлқұжат шетелде жоғалса, ҚР дипломатиялық өкілдігі немесе консулдық мекемесі қайтуға куәлік береді, ол ҚР кіруге және тұрғылықты жеріне өту кезіндегі оның аумақтарында жарамды. Аталмыш куәлік мәмілелер және басқа әрекеттерді жасауға мүмкіндік бермейді.
Жеке куәліктің жоғалуы немесе ұрлануы жағдайларын болдырмас үшін мамандар көбіне нотариалды расталған жеке куәліктің көшірмесін пайдалануға кеңес береді. Алайда, жеке куәліктің нотариалды көшірмесі банк операцияларын, нотариалдық әрекеттерді, аттестат, диплом алу, бірыңғай ұлттық тестілеуді тапсыру, сондай-ақ некені рәсімдеуге қауқарсыз екенін естен шығармаған жөн.
Ешқайда тіркелмей жеке куәлікті қалпына келтіруге бола ма?
Мамандардың сөзіне сүйенсек, тіркеусіз жеке куәлікті қалпына келтіру мүмкін емес. Бұл жағдайда мамандар алдымен тiркеліп, одан кейін құжатты қалпына келтіру рәсімін бастауға кеңес береді. Тіркелу үшін уақытша жеке куәлік жасатып алу қажет.
Есіңізде болсын, әкімшілік құқық-бұзушылықтар туралы кодекстің 377-бабына сәйкес, құжатсыз немесе мерзімі өткен құжатпен жүруге болмайды. Мұндай жағдайда айыппұл салынады.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ