Асарлықтар достық күні мен Асар күнін бірге тойлады

Татулықты ту еткен осынау күнді асарлықтар да атап өтті. Көршілес өзбек елінен атажұртқа қоныс аударған қандастарымызда бүгін қос бірдей мереке.

Асар шағынауданы

Оның біріншісі — ынтымақтастық тойы болса, екіншісі Асар шағынауданында үй салу үшін алғашқы қазық қағылған күн. Яғни, «Асар күні». Нұрлы көштің бастауын алғанына бүгін 6 жыл толып отыр.

Татулық тойын асарлықтар биыл 3-ші рет мерекелеп жатыр. Жалпы, әр мейрам сайын бас қосып, ортақ ынтымақтастықты арттыруды көздеген ондағы халайық көршілес ала тақиялы елдегі дос-жұрағаттарымен де тату-тәтті. Аралас-құралас.

Асар шағынауданы

Асар шағынауданында бұл күндері бірлігі бекем 15 мыңнан астам қандас өмір сүреді. Болашақта ондағы жұрттың қатары тағы да 4 мың адамға қалыңдайды деген жоспар бар. Ал олардың жағдайы үшін барлық әлеуметтік нысан бой көтерген.

Бастысы, атажұртым деп келген ағайынның көңілі тоқ, көйлегі көк. Болашақтан зор үмітті. Асарлықтардың ұраны — төртеу түгел болса, төбедегі келедіге саяды.