Шымкенттегі «Алиар» даму орталығында UCMAS халықаралық бағдарламасының тұсаукесері өтті. Балалардың ой өрісін, есептеу қабілетін арнайы есеп құрылғысы арқылы жетілдіруге бағытталған бағдарлама бүгінде Алматы, Астанада жүзеге асырылып келеді.
«Шымкент-инновация» ЖШС және ОҚО кәсіпкерлер палатасының қолдауы арқасында даму орталығының басшылығы аталған бағдарлама бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларды тегін оқытпақ. Балалар арнайы есеп құрылғысы арқылы санауды үйренуде. «Алиар» даму орталығында UCMAS халықаралық бағдарламасы бойынша алғашқы сабақ өтіп жатыр. 5 жастағы София Ерметова мұғалиманың айтқанын бұлжытпай қайталайды.
София Ерметова: «Маған бұл жерде барлығы ұнайды. Әсіресе, сурет салған жақсы. Мен болашақта дизайнер болуды армандаймын. Осы орталықта үйренгенімді әпкеме айтып беремін. Екеуміз мына суреттерді өзіміз құрастырдық.»
UCMAS бағдарламасы бойынша даму орталығында мүмкіндігі шектеулі балалар да тегін дәріс алады. 3 жастағы Назеркені анасы мұнда аптасына бір рет алып келіп тұрады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=IzfdzMYUs_M[/youtube]
Алина Десятникова, UCMAS ALMATY компаниясының басқарушы директоры: «Бұл бағдарлама бойынша мүмкіндігі шектеулі балалардың ойлау қабілетін жетілдіріп, есепке деген қызығушылығын арттырамыз. Арнайы есеп тастарында жаттығып, математикалық амалдарды шығаруға үйретеміз. Әрине, олар баяу үйренеді. Біздің білікті мамандар бұл санаттағы балалармен жұмыс жасауға тәжірибесі мол. Сондықтан ата-аналар алаңдамаса да болады»
«UCMAS халықаралық бағдарламасы бойынша әлемдегі 52-ден астам елде 5 мыңнан астам орталықтар жұмыс істейді. Астана, Алматыда, енді Шымкентте ашылған даму орталықтары балалардың заман талабына сай білімді, жан-жақты болуына ықпал етеді. Болашақта мұндай орталықтар өңіріміздің қала, аудандарында да ашылмақ.