Ұмытпаймыз, кешірмейміз!

Өткен аптаның сенбісі саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні ретінде бүкіл қазақ жерінде атап өтілді. Мереке болмаса да бұл – иісі қазақ үшін қасиетті һәм қастерлі күн. Бұл күні біз жаланың кесірінен жазықсыз атылған мыңдаған жандарды, жесір қалған әйелді, жәутеңкөз жетім баланы еске аламыз. Бұл — ашаршылық жылдары бір үзім нанға зарығып, ісіп-кеуіп өлген миллиондаған қандастарымыздың сол кездегі аянышты халін елестетіп, барымызға тәубе айтатын, осыған да шүкір дейтін күн.

23-011

Қазақ даласында өткен жаппай еске алу іс-шараларынан Оңтүстік жұртшылығы да биыл шет қалған жоқ. Тағдырдың талқысымен қиын кезеңде туылып, қиыншылықпен бақилық болған шейіттерге арнап құран да оқылды, кеңестік тоталитарлық жүйенің, сайқал саясаттың кесірі тиіп, атылып кеткен арыстарға арналып салынған «Қасірет» мемориалына қала әкімдігінің ұйымдастыруымен гүл шоқтарын қою рәсімі де өтті. Одан өзге Облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының жаңа экспозициялық залы ашылды. Мұнан соң Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында «Тағылымды тұлғалар» іс-шарасы өтсе, Достық қонақ үйінің «Тайқазан» мейрамханасында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап ас берілді.

Жалпы, сол нәубет жылдарын еске алумен қатар, негізгі басымдық биыл туғанына 120 жыл толып отырған Алаш арыстары – Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Асылбек Сейітов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндерге арналғанын айта кеткен жөн.

Облыстың атқамінерлері атаулы күнді алдымен «Қасірет» мемориалынан бастады. Ескерткіштер кешені орналасқан бұл жер талай жылдар бойы «Албастысай» аталып келген. Айта кету керек, кезінде бір ғана Оңтүстік облысында 2500-дей адам «ату жазасына» кесілді. Олар  Шымкенттің шығыс жағындағы «Қайтпас» елдімекенінде  топ-тобымен қойша қосақталып, атылып, жүздері  шала-шарпы жасырылды. Кейбір кеудесінен жаны шықпаған бейшаралардың іңір жамылып жылаған, ыңырсыған дау-сын естіп, сол маңдағылар назалы әруақтардың жатқан жерін «Албас-тысай» атандырған. Тарихи деректер бұл сайдың шынымен де ату жазасына кесілгендерді жазалайтын орын болғанын дәлелдеп отыр. Сол себепті де осыдан біраз жыл бұрын айтуға қорқынышты даланы мемориалды кешенге айналдыру көзделген-ді. Жергілікті биліктің қадағалауымен ойға алынған бұл жоба жүзеге асырылды. Осылайша бүгіндері еске алу орнына айналған.

23-012

Албастысайдан қайтпай қалған ардақтыларын еске алу үшін келген ұрпақтары, өңірдің ақсақалдары мен басшылары қосылып құрбандар жатқан тұсқа гүл шоқтарын қойып, ата-баба рухына тағзым етті. Қонақтардың қалың нөпірі елімізде тұңғыш 2001 жылы ашылған Саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайында болды. Репрессия тарихынан сыр шертетін мұражайда небір құнды деректер, құжаттар мен фотосуреттер бар. Мекеме қызметкерлерінің ыждаһаттылығының арқасында барлық қолда бар деректер мұражай қабырғасынан лайықты орын алған.

Мұнда сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшыраған Алаш ардақтылары мен «Халық жауының» қалпағын киіп, қосақ арасында кеткендердің аты-жөндері мен жекелеген өмірбаяны, соларға қатысты мол деректер сақтаулы. Мекеме басшысы ақын Ханбибі Есенқарақызы «облыстағы ғана емес бүкіл елдегі осы нәубетке қатысты мәліметтерді, атылғандар мен жазықсыз айыпталғандар туралы деректерді жинап, жыл өткен сайын тың жаңалықтарға кезігіп жатырмыз»,- дейді. Қазір мұнда 13 мыңнан астам деректі құжат бар екен. Ол жыл сайын ұлғайып келеді. Сонымен қатар алаш азаматтарының кезінде қатысқан, ат салысқан баспасөздерін іздестіріп, басын құраумен айналысуда.

Қайдар Алдажұманов, т.ғ.кандидаты:  

– Ақылға сыймайтын айыптаулармен 1937 жылы 25 қыркүйекте Сәкен Сейфулин тұтқындалды. Олардың атылуына дейін үш ай бұрын 1937 жылдың қараша айында Мирзоянның қолымен тізім жасалып, Мәскеуге, Сталиннің атына жіберіледі. Онда «Бірінші категориямен атылатын адамдардың тізіміне санкция беруіңізді өтінеміз», – делінген. Ақпанда формальді түрде сот жасаған болып, 15 минутта  тағдырларын шешіп, бәрі атылып кетті.

Мұражайда өткен экскурсия Ж.Шанин атындағы драма театрдағы жиынға ұласты. Жиында облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев пен құрбандардың ұрпақтары сөз сөйлеп, қуғын-сүргін құрбандарының өмірінен алынған театрландырылған көріністер қойылды. Оңтүстік жерінде абыройлы қызмет етіп, ақырында «халық жауларының» тізіміне кіріп кеткен асыл ұлдарымыздың сол кездегі аянышты тағдырын әдемі суреттеген әртістер жиылған көпшіліктің көзіне жас алдырмай қойған жоқ. Әсіресе алдыңғы қатарда отырған құрбандардың ұл-қыздары, ет жақын туыстарының егіліп отырғанына куә болдық.

23-013

Тағдырдың қатал сынына тап болған ұрпақтары да кеңестік тұста қуғындалып келгені мәлім. «Халық жауының баласысың» деген қара таңба қаншама жастың өрекпіген көңілдерін су сепкендей етті. Дегенмен тектілердің ұрпағы мойымақ емес. Өсті, өнді. Тамыры тереңге кеткен бүгінде. Алды бақилық болып жатса да кейбіреулері арамызда жүр. Бірі ғылымда, бірі өнерде.

Түйін

Ұмытпаймыз, кешірмейміз! Еске алу күні осы бір екі ауыз сөз әр қазақтың тілінде жүрді, санасына сіңісті. Зиялы орта қалыптасып, ғылым-білімге енді бет бұрған ұрпақты қынадай қырған кешегі тоталитарлық жүйені, сол жүйені басқарған көсемдерді, досы, туысы екеніне қарамай жалған абырой үшін сатып кеткен сатқындарды ешқашан кешірмейміз.

Керісінше, қазақ үшін жанын беруге даяр тұрған, Алаш тұтастығын, діні мен салтына адал болған, шейіт болған, жазықсыз әрі кінәсіз құрбандарды ешқашан ұмытпаймыз.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Суреттерді түсірген – Әйгерім БЕГІМБЕТ