Қызметіне адал жан

Әбутәліп Жарасов
Әбутәліп Жарасов
Әбутәліп Жарасов

«Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ант етемін» деп қызметке қабылданған құқық қорғау саласы мамандарының жұмысы өзіндік ерекшелікке, қиындыққа толы. Тәулік бойы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету міндетін мойнына алған полицейлердің бірі – Әбутәліп Жарасов.

Әбутәліп Рахматуллаұлы жұбайы Гүлмирамен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген, асқар тау әке, немерелерінің сүйікті атасы атанған азамат. Бала күнінен шен тағып, ішкі істер органдарында қызмет етуді мақсат еткен ол бұл салаға жай келген жоқ. «Бала күнімде полиция қызметкері болу мен үшін арман еді. Себебі туыстарымның көбі заң саласында қызмет етті. Солардың жұмыстарына қарап қатты қызығып өстім. Өзімді құқық қорғау саласына еңбегі сіңген әулеттің ұрпағы деп айта аламын»,-дейді кейіпкеріміз.

Арада бірнеше жылдар өтіп бала күнгі арман орындалады. Яғни, Әбутәліп Рахматуллаұлы мектеп қабырғасын бітіріп, ел алдындағы әскери борышын өтеп келген соң еңбек жолын 1992 жылы Мақтарал аудандық Ішкі істер басқармасында жаяу патрульдік полицей болып бастайды. Аталған мекемеде 6 жыл еңбек етіп, басшылық қызметке дейін өскен ол Оңтүстік Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті 9 басқармасының жедел өкілі қызметіне қабылданады. Департаментте өз тәжірибесін ерекше көрсете білген полицей облыстық Қаржы полициясына ауысады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес жолында аға жедел өкілі қызметін атқарып, талай қылмыстың бетін ашқан құқық қорғау саласының қызметкері 2007 жылы ОҚО Ішкі істер департаменті Өзіндік қауіпсіздік басқармасының бөлім бастығы болып тағайындалады. Ішкі істер органдарының өзіндік қауіпсіздігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарын, қауіпсіздік желілері бойынша жедел-іздестіру және қызметтік шараларын ұйымдастыру – Ә.Рахматуллаұлы басшылық ететін бөлімнің міндеттерінің бірі. Полиция подполковнигі Ә.Жарасовтың айтуынша, өзі басшылық тізгінін ұстаған ұжымның еңбек ету барысында көрсеткен нәтижесі былтырғы жылға қарағанда едәуір жақсарған. Мәселен, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуші орган қызметкерлері тарапынан бұзылған құқықбұзушылыққа қатысты қозғалған қылмыстық іс былтырғы көрсеткішке қарағанда биыл азайған. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың бес айында мыңнан астам құқық қорғау саласының қызметкері түрлі теріс әрекеттері бойынша тәртіптік жауапкершілікке тартылған болса, былтыр олардың қатары 1248 болған екен.

«Әрине, кемшіліксіз адам болмайды. Полицей де қарапайым адам. Олардың да тура жолдан адасқан сәттері кездеседі. Бірақ мұнымен көпке топырақ шашуға болмас. Өйткені өз ісіне адал қызметкерлер баршылық. Бір полицей қылмыс жасады екен деп жарияға жар салмай, өзгелер оны қайталамас үшін барлық шараны қарастыру – біздің тікелей міндетіміз. Қылмыстың алдын алу бойынша жүргізілген жедел сауықтыру шараларының арқасында құқық қорғау саласы қызметкерлерінің құқықбұзушылықтары азайып отыр»,- дейді бөлім бастығы. Осы ретте тек қылмыс жасаған емес, өз қызметі барысында талай ерлікке барып, қайғылы оқиғаның алдын алған тәртіп сақшыларын да атап өткен жөн. Соның бірі – полицей Тұрар Артықбаев. Учаскелік полиция инспекторы осыдан бірнеше жыл бұрын оқиға орнында 21 жасар қызға атылған оққа өз кеудесін тосып, ерлік танытса, жол-патрульдік полкінің взвод командирі, полиция аға лейтенанты Жаңабай Жарасов Шымкент қаласындағы Бадам өзеніне көпір арқылы секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған 75 жастағы қарияның өмірін құтқарған. Айта берсек, Отанға қызмет көрсетудің адал да таза үлгісін ұстанған мұндай қызметкерлер өте көп. Бәрінің мақсаты бір – қоғамның қауіпсіздігін сақтау. Мемлекетке адал қызмет етіп келе жатқан батыр азаматтардың ерліктері басшылық тарапынан еленіп те келеді. Жыл басынан бері облыс бойынша 2230 тәртіп сақшысы марапатқа ие болса, полицейлердің төл мерекесі қарсаңында тағы 225 қызметкерге құрмет көрсетілді. Жүрегі «елім» деп соққан құқық қорғау саласының қызметкерлері бүгінде қоғам арасында ерекше беделге ие. Жыл санап оларға деген сенім арта түсуде. Ендеше, барша полицей қауымға айтарымыз, адал еңбек пен жүктелген жауапкершілікті сезіне білу – жұмыстың тәтті жемісі.

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ