36 жастағы азамат өз-өзіне қол жұмсамақ болды

267

Бүгін белгісіз азамат, өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Таңертең сағат 10:30 шамасында 36 жастағы азамат Қапал батыр көшесінің бойындағы көпірден секіріп кетпек болып, елді дүрліктірді. Өмірден түңілген азаматты райынан қайтару мақсатында психологтар мен құтқару қызметінің мамандары аяқтарынан тік тұрды.

 

Таң сәріден көпірдің басына шығып алған бұл азаматтың жасы 36 да. Үйленген, бір емес, үш баланың әкесі екен. Көпірден секіріп, өлемін деген онымен келіссөзге келу оңайға түспеді. Құтқарушылармен болған сұқбатынан оның отбасында жанжал туындағанын аңғардық.

Осылайша, әйелімен тілдесемін деп, телефон сұрады. Құтқарушылар сұрағанын берді, алайда қоңырау шалмады. Қасына барып, жақынырақ сөйлескен психолог маманға ашып ешнарсе айтпады. Жиналғандары арлы-берлі өтіп жатқан пойыздың астына секіремін деп қорқытты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=CpLEH8bnROI[/youtube]

Клара Үсенова, ОҚО ТЖД құтқарушы-психологы: «Ол өзін бірінші Нұрланмын деп таныстырды. Ешкімге өкпесі жоқ, отбасында ешқандай кикілжің орын алмаған. Ол бізден сол маңға жиналған адамдарды тарат деп сұранды. Олар кетпесе өзімді лақтырамын деп қорқытты. Біз кезекші бригада болып, оны аман алып қалу үшін жұмыс жасадық».

Біраз келіссөз жүргізілген соң, өз-өзіне қол жұмсамақ болған азамат райынан қайтты. Осынша әбігерге салғанына ұялды ма, әйтеуір құқыққорғаушылардан қысылып, жасырынып біраз отырды.

Түске дейін, құтқарушылар мен құқыққорғаушыларды аяғынан тік тұрғызған азамат ақыры жерге түсті. Дін аман, енді оның мұндай әрекетке не үшін барғаны тексеріледі.