Жалған ақпарат таратқаны үшін жазаланады. 44 жастағы азаматша осыдан тура 5 күн бұрын Шардара қаласындағы жергілікті банктердің бірінде жарылғыш бомба қойылды деп полицейлерге хабарлаған. Оқиға орнына шұғыл жеткен тәртіп сақшылары тез арада банк қызметкерлерін қауіпсіз аймаққа көшіріп, мекемені қоршауға алып, жедел іздестіру шараларын жүргізген. Алайда жарылғыш зат табылған жоқ. Бір тәуліктің ішінде күдікті қолға түсіп отыр.
Суыт хабар Шардара аудандық тәртіп сақшыларының кезекші бөліміне 11-маусым күні сағат 19:41-де түскен. Хабарласқан әйел банкке жарылғыш бомба қойылды деп, тұтқаны қоя салған. Енді күдікті қолға түсіп, кінәсін мойындап отыр.
Күдікті: «Мен хабарластым полицейлерге. Өзімнің ұялы телефоныма үйдегі Билайн нөмірді қосып, хабарластым. Айтып болған соң, нөмірді шығарып, өзімнің «Актив» нөмірімді қосып алдым. Мұншалықты ауыр қылмыс деп ойлаған жоқпын. Қатты ашудың үстінде қалай хабарласқанымды да білмей қалдым. Банкке ақша алу үшін бір емес, бес рет бардым.»
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=tRiyw90L5kw[/youtube]
Банк қызметкерлерінің сөзіне сенсек, мекемеде сол күні электр жарығы сөніп қалған. Сондықтан тұтынушыларға қызмет көрсетуден бас тартыпты. Ал ішкі істер департаментінің басшылығы бүгінде 7 бірдей баланың анасына қатаң жаза қолданылуы мүмкін деп отыр.
Салтанат Қаракөзова, ОҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы: «Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, күдікті азаматшаға қатысты қылмыстық кодекстің 242-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Яғни, әдейі, жалған эстремизм, терроризм туралы хабарлама беру әрекеті. Осы баппен негізінде азаматша 6 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.»