Лагерьге бару қанша тұрады?

Тоғыз ай бойы білім алған оқушының бой мен ойын сергітуіне қолайлы жазғы демалыс та басталды. Биыл да Шымкент қаласында көптеген мектеп жанынан оқушылардың жазғы демалыс лагерлері ұйымдастырылды. Ал облыстағы балалар лагерьлерінің бүгінгі тіршілігі қандай? Өңір аумағындағы мұндай демалыс орындары бір кезеңде неше баланы қабылдай алады? Жолдама құны қанша және қандай жеңілдіктері бар?

23-014

Көкейдегі сауалға жауап алу үшін облыстық білім басқармасының жауапты мамандарына хабарластық. Басқарманың бас маманы Клара Оспанованың берген мәліметіне сүйенсек, 2014 жылы балалардың жазғы демалысы мен сауықтырылуына жергілікті бюджеттен 266 млн 869 мың теңге бөлініпті. Биылғы жаз мезгілінде облыста 20 сауықтыру лагері жұмыс істейді. Оның 11-і мемлекеттік, 9-ы жекеменшік лагерь. Бұл демалыс орындарының бәрі тиісті жөндеуден өткен. Ал «Тау самалы» оқу-сауықтыру орталығы күрделі жөндеу жұмысы жүргізілуіне байланысты биыл оқушыларды қабылдай алмайды.

– Ағымдағы айдың 2-жұлдызынан бастап бірқатар демалыс орындары демалыстың алғашқы кезеңіне балаларды қабылдап үлгерді. Ал қалған лагерьлер 15 маусымға дейін өз жұмыстарын бастайтын болады. Жоспарға сәйкес жаз бойына 6 кезең бойынша 33 мыңнан астам бала демалатын болады. Бұл жалпы оқушы санының 7,5 пайызын құрайды,-деді К.Оспанова. Айтпақшы, табиғат аясындағы лагерьлерде демалуға барлық оқушының мүмкіндігі бар деп айта алмаймыз. Өйткені жекеменшік лагерьлердегі жолдама құны 35-42 мың теңгені құраса, мемлекеттік демалыс орындарында бұл баға 17-22 мың теңге төңірегінде. Мұндай соманы кез келген ата-ананың қалтасы көтере алады деп айту қиын. Осыған орай әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына көмек қолын созу, олардың жазғы демалысы мен сауықтырылуын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен 10 мыңға жуық бала 50 пайыздық жеңілдікпен жолдамаға қол жеткізе алады. Тағы 10 мың балаға тегін жолдама беру қарастырылыпты. Түлкібас ауданындағы «Самал» лагерінде облысымыздағы 5 балалар үйінің жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 350-ге жуық тәрбиеленушілері жаз бойы демалуға мүмкіндік алып отыр екен. Ал оқу үлгерімі озат 200 оқушы Көкшетау қаласындағы «Балдәурен» демалыс аймағында демалатын болады. Сонымен қатар мектеп жанындағы 375 сауықтыру лагерінде 56 642 бала бір мезгіл тамақпен қамтылса, 650 мектептегі 130 мыңға жуық бала тамақсыз күндізгі уақытта демалады деп жоспарланған.

23-015

Оқушылардың жазғы демалысын дұрыс ұйымдастыру мақсатында облыстық білім басқармасындағылар осындай шараларды қолға алып отыр. Осы ретте айта кетейік, облыс бойынша 1-10 сынып оқушылар саны – 439883. Жазғы демалыста оның 381647-сі спорттық-туристік жорықтармен, шығармашылықпен және тағы да басқа шаралармен айналысу арқылы уақытын өткізсе, оның 89642-сі демалыс және сауықтыру шараларымен қамтылмақ. Бұл облыстағы барлық оқушы санының 86,7 пайызын құрайды.

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ