Жаңалықтар 

Оңтүстікте автокөлік қашан құрастырылады?

Естеріңізде болса, жуырда Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен өңір кәсіпкерлері Малайзия, Индонезия, Оңтүстік Корея елдеріне барған болатын. Шет елдерде өткен бизнес-форум аясында жергілікті кәсіпкерлер ондағы ірі компаниялармен келісімге келіп, соның ішінде малайзиялық «Proton» компаниясымен бюджетті автокөліктер жасау бойынша ортақ кәсіпорындар ашу туралы келісімдер жасалған еді. Бұл өңірдің экономикалық дамуына өзіндік үлесін қосары белгілі. Алайда отандық көлікті сатып алуға қарапайым халықтың қалтасы көтере ме? Мүмкіншіліктері қандай? Осы сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

25-012

Сауалнама жүргізу арқылы білгеніміздей қарапайым халық автоөндіріс жобасы туралы естігенімен, оның мүмкіншіліктері, бастысы бағасы туралы ақпараттан бейхабар.

– Елімізде құрастырылатын көліктер туралы аз-кем хабарым бар. Соның ішінде Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласындағы көлік құрастыру зауытында автомобильдің «Lada», «Kia», «Skoda» маркалары шығарылады деп естігенмін. Оларға сұраныс жоғары деп айтар едім. Көліктердің нақты құнын білмейді екенмін, бірақ жаңаның аты – жаңа емес пе? Дәл қазір ондай көлік сатып алуды қалтам көтеріңкіремейді.

Сапарбек Тұяқбаев, облыс әкімінің орынбасары:

– «Proton» жобасы туралы нақты мәлімет беруге әлі ертерек. Біраз жұмыстарды пысықтап алу керек. Тамыз айында аталған компания өкілдері Оңтүстікке келіп, егжей-тегжейлі келіссөздер жүргізілмек. 2-3 айдың ішінде бәрі нақтыланған соң барып халыққа жеткізуді жоспарлап отырмыз. Тек бір ғана автоөндірісі емес, өзге де жобаларға қатысты мәселе осы уақыт ішінде нақтыланып, жұмысты келесі жылы бастаймыз деген жоспар бар. Сол себептен автокөлік зауытының құрылысы, оның инвестициялық құны, жылдық өнімі туралы кесіп айта алмаймын. Бірақ малайзиялық кәсіпкерлердің біздің облысқа деген қызығушылығы артып отыр. 

Жуырда автоөндіріс саласы біздің облыста қолға алынатынын естіп қуанып қалдым. Зауыт іске кіріскенше қажетті соманы жинап қалармын. Тек өзімізде құрастырылатын жеңіл автокөліктің мүмкіншіліктері мен бағасы туралы мәліметтер көптеп таратылса деймін. Өйткені қажеттілігіңді сатып алу үшін алдымен соған лайықты қаражатың қолыңда болуы керек, – дейді Сарыағаш қаласының тұрғыны Гүлжан ДАЛИЕВА.

Осы мақсатпен өңірдің индустрияландыру және инвестиция мәселелерінің жүзеге асырылуына тікелей жауапты облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаевқа хабарластық.

25-011

Бір өкініштісі, біздің қазақта «қолдан келмейді» деген ұғым қалыптасып кеткен. Бірақ, қашанғы осылай жүре береміз. Қашанғы өз нанымызды өзгеге беруге тиіспіз? Рас, автокөлік өндірісін іске қосу біздің облыс тарихында мүлдем болмаған. Болмады екен деп қол қусырып қарап отыру да дұрыс емес. Өте күрделі жоба, экономиканың дамуына алып келер қомақты үлесі бар болғандықтан жұмысты бастаудан қорықпау керек, – дейді С.Тұяқбаев.

«Шымкент инновация» ЖШС-нің директоры Абзал Дәрібаевтың айтуынша, мұндай келісімге келуге қазақстандықтардың «Lada» және «Daewoo» маркалы автокөліктеріне деген сұранысының жыл санап артуы себеп болған екен. Осыдан 4-5 жыл бұрын еліміздегі автокөліктер саны 1,2 млн-ды құраса, қазір ол 4,2 млн-ға артқан. Демек, елдің сұранысы өсіп келеді. Сонымен, облыста сапа мен бағасы халық көңілінен шығатын автокөлік құрастырыла бастады делік. Ендігі мәселе – сервистік қызмет көрсету орталығы. Бұл мәселе де назардан тыс қалмапты.

25-010

 

– Облыста қолға алынғалы отырған жеңіл автокөлік құрастыру зауыт өнімдерінің сапасы халықтың басым көпшілігінің мініп жүрген көліктерінен кем емес, құны да қалтаға қонымды болады. Жоспарға сәйкес құрастырылған көліктер алғашында өзімізде сатылса, кейін Ресей еліне экспортталмақ. Өндіріс тұрақтаған соң Еуразиялық Экономикалық Одақ нарығына шығарылатын болады. Сервистік қызмет мәселесі де назарға алынады. Еліміздің барлық ірі қалаларында «Proton» автокөліктеріне қызмет көрсету орталықтары ашылады, – дейді «Шымкент инновация» ЖШС-нің директоры Абзал Дәрібаев. Айтпақшы, мұндай орталықтар шағын және орта бизнестің артуына өз үлесін қосатынын атап өту керек.

Жасыратыны жоқ, ауыз толтырып айтарлық кейбір жобалар салтанатты түрде ашылғанымен, уақыт өте жұмысы тоқтап қалатындары жоқ емес. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев өңірімізге жасаған іс-сапарының бірінде қатаң ескертіп еді. Ол үшін, әрине, сылдыр сөзден гөрі нақты істің керектігі айтпаса да түсінікті. Ал іске қосылған зауыттардың тоқырауға ұшырауына кімдер кінәлі? Билік пе, әлде кәсіпкер ме? Еуропа мемлекеттеріндегі жағдайды алып қарайтын болсақ, қолға алынған жобалардың 7-10 пайызы банкротқа ұшырайды екен. Неліктен? Қарапайым жауап – бәсекелестікке төтеп бере алмау. Қазір нарық заманы, әлсіздер ысырылып, мықтылардың шыңға шығар шағы. Ал біздің елде жағдай қандай?

Ердәулет ЕРДЕСБЕКҰЛЫ, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Өскеменде құрастырылған «Chevrolet» маркалы автокөлігіне қатысты пікірім оң деп айта алмаймын. Себебі Шығыс Қазақстан облысында тұратын танысым бірнеше жыл бұрын осындай маркалы су жаңа автокөлікті сатып алған болатын. Алғашында темір тұлпарына қатысты ешбір сын айтпаған. Арада бір жыл өткен соң отандық жаңа көліктен гөрі сол ақшаға қайталама нарықтағы жапондық «Тойота» автокөлігін алмағанына өкінді. Осы жайттан соң отандық автоөндіріске күмәнмен қарайтын болдым. Біздің облыста салынғалы жатқан автокөлік зауыты туралы хабарым жоқ. 

– Үкімет кәсіпкерлікті дамыту аясында бірнеше бағдарламалар түзген. Соған сай өндіріске қажетті жер, ондағы инфрақұрылым, кәсіпті бастау үшін төменгі пайызбен жеңілдетілген несие беру, керек болса мамандарды оқыту жұмыстарына мемлекет қолдау көрсетеді. Өндіріс орны аяғынан тұрып, нарыққа тауарын ұсына бастаған соң біз оның ішкі саясатына араласа алмаймыз. Ол заңға қайшы. Демек, зауыт жұмысының жандануы тікелей кәсіпкердің өзіне байланысты. Мен барлық адамның кәсіпкерлікке ебі бар деп айта алмаймын. Бірақ мемлекет осы саланы кәсіп етемін деушілерге тең мүмкіншілік беріп отыр. Ал егер ол қолдан келмесе, еліміз қашанғы алға сүйресін?! Банкрот деп жариялап, басқа инвес-тор тарту керек. Бізге экономиканы дамытатын өндірістер қажет. Онсыз да енді ғана дамып келе жатқан мемлекетпіз. Сол себептен «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» дегенді ұмытпаған абзал, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, «Hyundai» маркалы автокөлігі қазір нарыққа кеңінен танылған тұлпардың бірі. Оңтүстікте бой көтергелі отырған «Proton» автокөліктері аталған маркадағы автомобильдерге өте ұқсас және ол осы алып өндіріс орнының негізгі базасында дамыған. «Proton» компаниясының көліктері бүгінде Түркия елінің нарығына шығарылуда. Түркия – дамыған мемлекет. Онда Еуропаның өзге де автоконцерндері жұмыс істейді. Соған қарамастан малайзиялық компания көліктері ол жақта ерекше сұранысқа ие болып отыр екен. Бұның өзі өнім сапасының жоғарылығын, бағасының тиімділігін аңғартады.

25-013

Түйін: 

Жақын күндері облыста «Proton»-нан басқа да жаңа жобалар – швециялық «Scaniа АB», американдық «Ford», оңтүстіккореялық «Hyundai» және «Daewoo Lanus» маркалы авто және аграрлық көлік өндірісі бойынша келіссөздер жүргізілетін болады. Облыс жұртшылығын елең еткізген автокөлік зауыты туралы мәлімет аз болғандықтан бұл тақырыпқа әлі оралатын боламыз. Себебі өңірде бұрын-соңды қолға алынбаған мұндай жоба кез келген оңтүстікқазақстандықтың қызығушылығын арттыратыны сөзсіз. Бастысы, күн батқан соң суарған суды жер жұтадының кейпін кимей, жоба жоспарға сай жүзеге асса игі.

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

Related posts

Пікір қалдыру

Алғашқы болып пікір жазыңыз!

Маған хабар беру:
777
wpDiscuz