Сатира және әзіл-сықақ театры маусымды аяқтады

711
"№13" атты қойылым

Театр махаббатқа адал болуға үгіттейді. Облыстық әзіл-сықақ және сатира театры сезімнің адасуы көрініс тапқан шетелдік туындымен 6-маусымының шымылдығын жапты. Айта кетейік, «№13» атты осы қойылым ағылшын қаламгері Рей Кунидің тырнақалды туындысы. Оңтүстікте ақиқатты әзілмен жеткізетін пьесаны алғаш осыдан бір жыл бұрын сахналанған еді.

Күйбең тірлік. Қауырт жұмыс. Жауапсыз махаббат. Мұндай мәселелердің бәрін ағылшындықтар биімен жеңеді. Үзіліс жасайды. Бірақ бұл жағдай комедиялық туындыда ғана. «№13» спетакліндегі басты рөлдерді театрдың жас әртістері Нұрбақыт Байысбек пен Мөлдір Тағаева сомдайды. Ұжымының айтуынша, 6-шы маусымды шетелдік шығармамен жабудың да себебі бар.

Мөлдір Тағаева
Басты рөлді Мөлдір Тағаева сомдады

Самат Алтаев, облыстық сатира және әзіл сықақ театрының қоюшы-режиссері: «Өйткені бұл қойылымды біз Астана қаласында қойғанбыз. Сол кезде депутат, жазушыларымыз және зиялы қауым өкілдері үлкен бағасын берген болатын. Ал қойылымға кез келген қоюшы-режиссер өзгеріс енгізеді, еңбек қызықты шығуы үшін. Мен де ағылшындықтарды осы заманмен байланыстырдым, әзілдер қостым. Бізге мұндай шымырлы шығармалар қажет деп санаймын». 

 

Қойылымға ағылшын сөздері де қолданылды
Қойылымға ағылшын сөздері де қолданылды

 

Қойылымның оқиға желісінде жоғары лауазымды қызқұмар Ричард мырзаның өмірі көрініс тапқан. Басшы өзінің ашынасы болып жүрген хатшысы Джейнді қонақ үйге шақырады. Көңілдестер күтпеген жерден мәйітке тап болып, одан құтылудың амалын іздейді. 2 бөлімді комедиялық туындының әзілді сәттері көпшілікті күлкіге қарқ қылды.

Берік Тілеков, көрермен: «Бұл театрға мен жиі келемін, спектакльдерине ризамын, былайша айтқанда көптеген спектакльдері көңілімнен шығады. «Алдар көсе» қоғамдағы ащы шындықты айтса,  «Барон» деген қойылым нашақорлыққа қарсы бағытталып қойылды. Және бүгінгі «№13″ деген қойылымдар махаббат тақырыбынан сыр шертеді. Актерларына тіпті тәнтімін. Тура бір өмірдегідей сомдайды. Олар рөлді ойнап жатқан кезде оқиға ортасында өзім жүргендей сезінемін».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ZPA9KxrsQZ8[/youtube]

«№13» атты қойылымының соңы көңілдестердің құйтырқы қадамы әшкере болуымен тәмамдалады. Бір маусым ішінде облыстық сатира және әзіл-сықақ театры осындай 3 бірдей премьералық қойылымды көрерменге ұсынды. Өнерсүйерқауым оны бағалап та үлгерген. Айта кетейік, алдағы 7-ші маусымның шымылдығын өнер ұжымы қаламгер Жүсіпбек Аймауытовтың «Сылаң қыз» шығармасымен түретін болады.