Тұрландықтар баспанасыз қалуы мүмкін

293

«Тұрлан» шағынауданындағы каналдың мәселесі биліктегілерді де орнынан қозғалтты. Бұл каналдың мәселесі бұған дейін де сөз болған еді. Әсіресе, қар мен жаңбыр суы лық толған уақытта шағынаудан қызыл судың астында қалады дейді тұрғындар. Соңғы рет 30-мамыр күні жауған жауын қарапайым халықты әбігерге салып, үйлер су астында қалған болатын. Содан бері дабыл қаққан тұрландықтардың жайымен қала әкімнің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов танысып қайтты.

Кездесуде белгілі болғандай, Тұрландағы каналды мемлекеттің меншігіне өткізу жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Өйткені, меншік ауыспай, оған қазынадан бір тиын да бөлінбейді екен. Алайда, жергілікті билік қол қусырып отырмағанын алға тартты. Арнайы комиссия құрылып, тексеру, анықтау, сараптау жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Ол жұмыстардың қашан аяқталып, зардап шеккендерге көмектің боларын біле алмадық.

Ресми жауап беруден бас тартқан шенеунік қызыл судан зардап шеккен үйлерге кірместен кетіп қалды. Есесіне халықтың халімен біз таныстық. Соңғы рет орын алған оқыс оқиғадан жапа шеккендердің бірі — Сәрсенкүл Парманқұлованың отбасы. Су тасыған кезде бұл үйдің бастырмасы, қора-қопсысы құлаған екен. Қарызданып жүріп, әзер көтерген үлкен шаңыраққа да зақым келген.

Сәрсенкүл Парманқұлова, «Тұрлан» шағынауданының тұрғыны: «Ешқандай көмек жоқ. Бүгінгі әшейін жәй тіршілік. Өзім жесірмін, банктен үйімді енді шығарып едім. Енді не боларын білмеймін?»

Баспана салып, құрылысын аяқтап, биыл кіреміз бе деген Аршабек Айтжановтың арманы қызыл сумен кетті. 30-мамыр күні келген топан су үйдің ішіне 1 метрге дейін толып, іргетасын жібітіп, қабырғасын сөгіп кеткен. Еңбегі еш кеткеніне онсыз да іші ашыған Аршабектің бүгін биліктен көмек болмайтынын естіп, тағы есі шықты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=gFTfwOoQuFk[/youtube]

Аршабек Айтжанов, «Тұрлан» шағынауданының тұрғыны: «Судың деңгейі 50 см-ге дейін көтерілсе ғана көмек беріледі екен. Болмаса үйің құлау керек екен. Үйдің астында мен қалуым керек екен. Өлгеннен кейін көмектің не керегі бар? Бір метрден аса су кірді үйіме.»

Табиғаттың тосын мінезінен жапа шеккендер бір айдан бері далада жүр. Ал олардың жанайқайымен биліктегілер бас ауыртқысы келмейтін сыңайлы. Көмек қолын созып, каналды тазалай ма деген жергілікті әкімдіктен қайыр болмай тұр әзірге. Құр уәде толы жауап алған олар енді арыз-шағымдарын арқалап, Елордаға баруға бел байлап отыр. Өйтпесе, Тұрландағы Қазақстан көшесінің тұрғындары баспанасыз қалатын түрі бар.