Ауылшаруашылығының қыр-сырын үйретеді

«Тассай» білім тарату орталығы –өндірістік кәсіпорын саласында білім тарату және енгізу жөніндегі бөлім ретінде Оңтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ құрылымына енеді. Орталықтың негізгі мақсаты – 001 «Ауылшаруашылығы саласындағы жоспарлау, реттеу, басқару» бюджеттік бағдарламасы 101 «АӨК субъектілерін өтеусіз негізде ақпараттық қамтамасыз ету» кіші бағдарламасын іске асыру.

27-005

Бағдарламаға сәйкес, семинарға қатысатын тыңдаушылардың жатын орны, тамағы (үш мезгіл) қарастырылған және жол ақысы (келіп-кету жол билеттерінің түпнұсқасын ұсынған жағдайда) төленеді. Оқу ұзақтығы 5 күн және оқу соңында тыңдаушыларға сертификат тапсырылады. Сонымен қатар, білім тарату орталығы шаруашылықтарға және аудандарға бару арқылы агроөнеркәсіп субъектілеріне тікелей консультациялауды өткізуге 2 консультант қызметтерін ұсынады. Орталық құрылған уақыттан бастап (2009-2013 жж.) 82 ғылыми-практикалық семинар өткізіліп, 1 955 АӨК субъектілеріне сертификаттар тапсырылған.

«Тассай» білім тарату орталығында озат агротехнологиялар мен агротехниканы ауылшаруашылығы өндірісінің нақты тәжірибесіне енгізуді үдету және кадрлар әлеуетін дамыту мақсатында 2014 жылға 13 ғылыми-практикалық семинар өткізу жоспарланып отыр.

Үстіміздегі жылдың 20 маусымына дейін мұнда 6 семинар өткен, олар – ара шаруашылығы, асыл тұқымды қаракөл, құйрықты қылшық жүнді қойлардың зоотехникалық есебін автоматтандыру, ауылшаруашылығы малдарын күтіп-бағу, жеміс және жүзім дақылдарын өсіру технологиялары мен мал азықтық дақылдарды өсіру жүйесі тақырыптары бойынша. Семинарларға облыс аумағынан 162 АӨК субъектілері қатысып, оларға сертификаттар тапсырылыпты.

27-004

Оқу бағдарламасы бойынша теориялық дәрістермен қатар көшпелі сабақтар да өткізілген, мәселен, ара ұяларын күтіп-бағудың технологиясы, ара ұяларын дайындау және сұрыптау негіздері «Демидов В.» ЖК өндірістік базасында, ауылшаруашылығы малдарын күтіп-бағу, олардың өнімділігін жоғарылату «РАУ» ЖШС-де, ал жеміс, жүзім дақылдарын өсіру технологиялары және интенсивті бақ өсіру негіздерімен танысу мақсатында «Сарыағаш жер сыйы» ЖШС-де көшпелі-тәжірибелік сабақтар өткізілген.

Сонымен қатар, семинар қатысушылары «Оңтүстік мал және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС-нің зертханасы және тәжірибелік стационарларымен танысқан.

Бүгінде «Тассай» білім тарату орталығы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен ауыл еңбеккерлерін ақысыз негізде ауылшаруашылығында болып жатқан инновациялық жаңалықтарды үйрету мақсатында ОҚО ауылшаруашылығы басқармасымен бірлесіп жемісті жұмыстар атқарып келеді.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ