Кәсіпкерден ақша бопсалағандар ұсталды

254

Оңтүстіктің полиция қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық топтың басшысын құрықтады. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Үстіміздегі жылдың сәуір айында полиция бөліміне 57 жастағы жергілікті тұрғын шағымданып келеді. Айтуынша, белгісіз адамдар күш көрсетіп, қорқыту арқылы ақша бопсалапты. Яғни, арызданушының дәмханасына «қамқорлық» жасаймыз деп, ай сайын 30 мың теңге талап етіпті.

Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкерлері арнайы жасақтың сарбаздарымен бірлесіп, қала көшелерінің бірінен күдіктіні қолға түсіреді.

[youtube]www.youtube.com/watch?v=uUPzlVRB-Sk[/youtube]

Қолға түскен жігіт – 1989 жылы туылған, қылмыстық әлемде «Шымаливетер» атанып кеткен қылмыстық топтың басшысы дейді облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің мамандары. Сезіктінің үсті-басын тінту барысында бірнеше оғы бар тапанша, кастет және ақша тәркіленіп алынды.

[youtube]www.youtube.com/watch?v=yMReo8P-bpI[/youtube]

Бұған қоса іздестіру барысында полиция қызметкерлері 25-мамырда орын алған бұзақылыққа қатысы бар осы топтың тағы бір мүшесін қолға түсіреді. Сол түні Шымкент қаласының Абай полиция бөліміне дәмхана иесі, 35 жастағы әйел шағымданады. Айтуынша, дәмханаға белгісіз біреулер келіп, жиһаздарды сындырып, іште отырған 1975, 1982, 1991 және 1992 жылғы қала тұрғындарына жарақат салған екен.

[youtube]www.youtube.com/watch?v=b9437zXmp7A[/youtube]

Қазіргі таңда осы фактілерге қатысты қылмысты іс қозғалған. Күдіктілер қамауда жатыр.