Қауіпсіз жол. Шымкент шаһарындағы 18 шағынаудан және Еуразия базары маңындағы жаяу жүргіншілер жолағы енді қауіпсіз болады. Рысқұлов көшесінің үстінен өтетін көпір құрылысының жұмыстары басталып кетті. Енді алдағы 3 ай көлемінде Рысқұлов көшесімен тым баяу жүруге тура келеді. Себебі мұндағы қоршауға алынған алаңда жол үстінен өтетін жолақ көпірінің жұмыстары басталды.
Әбдіуахит Әбдіуәлиев, құрылысшы: «Жұмыс барысында аздаған қиындықтар туындады. Коммуналдық жүйелер мен инженерлік жүйенің орнын ауыстырдық. Қазір жұмыстар басталды. 3 айдан соң, қазанның аяғына дейін құрылысты аяқтаймыз.»
Көпірде жарық және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы пандус, сондай-ақ, балаларын жол арбамен алып жүретін аналардың қозғалысы үшін жағдай жасалған. Жоба барысында жаңа технологиялардың барлығы қолданылыпты. Қарды еріту үшін қойылған жүйенің көмегімен қыстың күндері баспалдақ пен көпірде мұз қатпайды.
Жол өткеліне көтерілу адамдардың барлығына ыңғайлы болады. Биіктігі 5,5 метрді құрайтын көпірдің ұзындығы — 25 метр. Баспалдақтар мейлінше төмен. Өткелдің әр 6 метрінде арнайы алаңшалар қаралған.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=ykSG1tktiAc[/youtube]
Әбдіахит Әбдіуәлиев, құрылысшы: «Жол-патрульдік полициясы қызметкерлерімен келісім бар. Қыркүйектің ортасына таяу көшедегі қозғалыс 1 тәулікке тоқтайды. Біз дайын металл құрылымды алып келіп орнатамыз. Жолды ұзаққа жаппаймыз. Біз қала тұрғындарына қолайсыздық тудырмауды ойлаймыз.»
Жол үсті өткелін тұрғындар көп жылдан бері күтіп жүр. Қауіпсіз өткел жобасының сметалық құны 129 миллион теңгені құрайды. Осылайша қала күнінде шымкенттіктерге тамаша тарту жасалмақ.