Қос басшы бірін-бірі алмастырды

Түркістан қаласының әкімі Бақытжан Әшірбеков бұдан былай облыстың кәсіпкерлік саласын басқарады.

Әшірбаев + Өсербаев

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев жаңа басшыны басқармадағы әріптес қызметкерлерімен таныстырды. Ал басқарманың бұрынғы басшысы Әліпбек Өсербаев бұрын өзі басқарған Түркістан қаласының әкімі лауазымына тағайындалыпты. Сөйтіп, бүгін қос басшы бір-бірімен орын алмастырды. Ал кәсіпкерлік басқармасының жаңа басшысы Бақытжан Әшірбеков жұмысты ашылып, қайта тоқтап қалған кәсіпорындардың «тамырына қан жүгіртуден» бастаймын дейді.

Бақытжан Айдарбекұлы Әшірбеков – 1966 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша тарих, қоғамтану пәндерінің мұғалімі және тәрбие жұмысының әдіскері, заңгер.

Еңбек жолын 1984 жылы Фариш ауданы, Жызақ облысы «Жызақстрой» тресінің №256 ЖМК бетоншысы болып бастаған. 1987-1993 жылдары Жызақ облысы Қызылқұм поселкесі Ұзынқұдық байланыс бөлімінің монтеры, «Прессавтомат» зауытының жонушысы, «Прометей» аулалық клуб әдіскері, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері, 1993-2013 жылдары Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының ішкі саясат, тіл, ұйымдастыру бөлімдерінің бас маманы, Шымкент қаласы әкімі аппаратының ішкі саясат және әлеуметтік сала бойынша бас маманы, Шымкент қаласы әкімшілігінің ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бас маманы, «Южтрансгаз» коммуналдық кәсіпорнының халықпен жұмыс жүргізу бөлімінің шебері, дебиторлармен жұмыс жүргізу бөлімінің заңгері, Шымкент қаласы әкімі аппаратының ішкі саясат, заң бөлімдерінің бас маманы, Оңтүстік Қазақстан облыс әкімі аппараты заң бөлімінің бас маманы, ұйымдастыру-инспекторлық бөліміндегі облыс әкімінің бас инспекторы, Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2013 жылдың маусым айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қаласының әкімі болып еңбек етті.

Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаев – 1961 жылы туылған, білімі жоғары, мамандығы бойынша инженер-химик-технолог.

Еңбек жолын 1983 жылы Қарағанды асбест-цемент өнімдерін шығаратын зауытының машинисті болып бастаған. 1986-2013 жылдары Түркістан қаласы құрылыс детальдары мен конструкциялары комбинаты зертханасының инженері, шебері, экономисті, цех бастығы, бас инженері, «Қуат Суиндустрия» АҚ Түркістан қаласы рудасыз материалдар комбинаты филиалының директоры, Түркістан қалалық мәслихаты хатшысының міндетін уақытша атқарушы, Түркістан қаласы құрылыс бөлімінің меңгерушісі, Кентау, Түркістан қалалары әкімдерінің орынбасары, Түркістан қаласының әкімі қызметтерін атқарған. 2013 жылдың тамыз айынан бастап Оңтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы болып еңбек етіп келді.