Күрделі жөндеуден өткен №58 мектепте алғашқы қоңырау соғылды

775
Алғашқы қоңырау

Алғашқы қоңырау, «Қайтпас» шағынауданындағы №58 жалпы орта мектебінде де соғылды. Бұл қоңырау үнін 1200 оқушы асыға күткен болатын. Өткен жылы әр мектепті паналаған олар, өз білім ордаларының заман талабына сай жөндеуден өткеніне қуанышты.

Елтай Бақарыс, №58 мектептің 10-сынып оқушысы:  «Апатты ғимаратта бастауыш сыныптағы кішкентай інілеріміз оқитын еді. Оларды уайымдайтын едік. Соны ескерген билік, осы мектептің салынуына үлес қосып, үлкен жағдай жасады. Үлкен рахмет».

Алғашқы қоңырау
Алғашқы қоңырау

«Тұран» және «Тассай» шағынауданындағы мектептерге қатынап оқыған оқушылар, өз білім ордаларына қайта оралды. Осындай қуанышты сәтті сыйлаған үлкендерге дән риза. 600 орынды білім ордасында 1200-ге жуық оқушы білім алады.

Райхан Бұралхиева, №58 мектеп директорының орынбасары: «Көптен күткен мектеп еді. Міне, арманымыз орындалды. Балаларымыз заманауи мектепте білім алатын болды. Екі аусымда сабақ береміз. Биыл біздің мектеп ҰБТ-дан жоғары көрсеткішке қол жеткізді, 71 түлектің 21-і білім грантын жеңіп алып, мектептің абыройын асқақтатты. Биыл да  барлық жағдайы жасалған мектептің бітіруші түлектері жақсы жаңалықтармен қуантады деп ойлаймыз».

 

1-сынып оқушылары
1-сынып оқушылары

Жаңа мектепке 140-қа жуық балдырған бірінші сыныпқа келді. Тағы 100 бүлдіршін мектепке даярлық сыныбының партасына отырды.

Бірінші сынып, алғашқы сабақ. «Қазақстан -мәңгілік ел»тақырыбында, ашық сабақ өтті. Қолдарына әліппені алғаш ұстаған балдырғандар өздеріне қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап беріп жатты. Бірі кешігіп келсе, енді бірі бала көңілмен ойнап та отырды. Ал ата-аналары үшін, балаларының алғаш партаға отырған сәтінен бастап, қолына қаламсап ұстағанына дейін қызық. Баласының әрбір қимылын мұқият қадағалап, мектептің алғашқы тапсырмаларын алды.

Баян Үмбетова, ата-ана: «Бүгін немеремді алып келдім. Жаңадан салынған мектепті көріп, қуанып қалдым. Жақын жерден оқитын болдық. Өзге мектептерден еш жері кем емес, жақсы жөндепті».

Білім ордасын қала басшысы аралап шықты. Әрбір сынып бөлмесінің жабдықталуын өз көзімен көріп, жоғары сынып оқушыларымен де тілдесті. Сәттілік тіледі. Ұстаздарды білім күні мерекесімен құттықтады.

Дархан Сатыбалды, қала әкімі: «Қазіргі заманға сай жабдықталған мектептің оқушылары бәсекеге қабілетті болады деп сенеміз. Барлық ұстаздар қауымын мерекелерімен құттықтаймын. Еткен еңбектері жемісті болсын».