«Дәстүрлі ұлттық қолөнер — ата-баба мұрасы». Облыстық опера және балет театрында маңғыстаулық өнер ұжымы осындай тақырыпта көрме ұсынды.
Көрмеде қазақтың төл өнерінен сыр шертер тарихи жәдігерлер мен облыстың тыныс-тіршілігін баяндайтын дүниелер қойылған. Қазақтың қазыналы ою-өрнектері бедерленген зергерлік бұйымдар да осында. Бұдан бөлек батыстағы ағайын қос өркешті жануар — түйе өсіру шаруашылығын қолға алған. Бүгінде «Таушық ауыл шаруашылығы» кәсіпорны 300-ге тарта ағайынды жұмыспен қамтып, түйе сүтінің өнімдерін шығарып келеді.
Сақан Мүлкібаев, «Таушық ауыл шаруашылығы» кәсіпорнының өкілі: «Бүгін біз шұбат, құрт, май, балқаймақ сынды өнімдерді әкеліп, шымкенттіктерге таныстырып отырмыз. Жарнамалап дегендей. Барлығы түйе сүтінен жасалған. Оңтүстіктің өнімдерімен салыстырғанда біздіңкінің дәмі бөлек. Түйелер жазық, шөл далада жайылғандықтан, сүттің, құрттың да дәмі қышқылдау, бірақ дәруменге бай.»
Қазба байлық — мұнай өндіретін өңір кеншілердің киім-кешектерін де ұсынды. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, көрме тарихи ғана емес, инновациялық жобалардың қойылуымен ерекшеленді. Инновациялық мекеме өкілдері жерлестерімізді жаңа жобаларымен таныстыруды ұмыт қалдырмады.
[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=eNKQ7YdMlxE[/youtube]