Маңғыстаулық театр «Ант» қойылымын сахналады

702
Спектакльге 40 әртіс қатысты

Театр уәдеге берік болуға шақырады. Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театры жерлестеріміз үшін «Ант» спектаклін ұсынды. Авторы – ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Нұрнияз Мұханов. Қойылымды тамашалаған көрермен қазақ халқының еліміздің батыс өңіріне қоныстануы мен адай жылқыларының шығу тарихының куәгері болып қайтты.

Бану Манкеева
Бану Манкеева

Бану Манкеева сахна алдындағы дайындығын пысықтап алды. 11 жылдық тәжірибесі бар өнер иесі 14 жастағы сұлуды сомдайды. Бүгінге дейін 20-ға тарта басты рөлді ойнаған Бану аңғал қыз Ақшолпанның кейпі қиынға соқпағанмен, Оңтүстік сахнасының киесі бар деп отыр.

Бану Манкеева , Маңғыстау облыстық Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының әртісі: «Қазір денемнің қызуы көтеріліп тұр, бірақ сахнаның киесі бар, сондықтан барлығы артта қалады деп сенемін. Осы рөл арқылы қыз балаларға шектен тыс ерке болмауды, жүректен бұрын ақылмен ойлауды ұсынамын. «Қызға қырық үйден тыйым» деген сияқты қазақтың сөздері де бекер айтылмаған».

Бұл қойылымда 14 жасар қыздың жасы жетпісті желкелеген Қожанасыр байға ұзатылуы көрініс тапқан. Ақшолпан аңғал сөйлеп, байдың шамына тиеді. Сөзге егескен қарт қызды әйелдікке алу үшін отар-отар малды қалыңмалға береді. Көпшілік жас қызды қимай, көз жасы көл болды. Бірақ соңғы шешімді Шолпанның өзі қабылдап, елдің батасын алады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=az0SpMlISdk[/youtube]

Гүлсина Мерғалиева, қоюшы-режиссер: «Маңғыстау – аңыздарға толы мекен. Солардың бірі «Ант» қойылымы. Спектакль қызық әрі бояуы қанық шығуы үшін автордың идеясын жоғалтпай, қосымша сөздер мен өзгерістер енгіздік. Яғни, қойылымда әріптер тізбектеліп жазылса, біз оны сахнада бейнелеу өнерімен көрсеттік. Және сазды әуендерді де қолдандық».

"Ант" қойылымы
«Ант» қойылымы

Лирикалық спектакльде Маңғыстау жеріне халықтың алғаш қоныстануы мен адай жылқыларының шығу тарихы көрініс тапқан. XVII ғасырда қазақ халқы мен түркімендер арасындағы кикілжің жағдайлар да баяндалады. Ал көрермендер арасында жастардың қарасы қалың болды. Олар байырғы батыстағы ағайынның жәйін көзбен көргендей әсерде отыр.

Спектакльге 40 әртіс қатысты

Ұласбек Бекмұрзаев, көрермен: «Басталғаннан соңына дейін тапжылмай отырып тамашаладым. Ұнады, расында да әртістер рөлге еніп ойнады. Ал Ақшолпан ер адамдар орындай бермейтін уәдені орындады. Бұл қойылымды көргендер енді уәдеде тұрып, анттың не екенін ұқты деп ойлаймын».

Спектакль соңы Ақшолпан мен Қожанасыр байдың үбірлі-шүбірлі болып, көпке өнеге болар отбасы атануымен тәмамдалды.