Шымкенттің үздік көшесі мен ауласы анықталды

681
Бірінші орын иегеріне 200 мың теңге табысталды

Қала күні аясында «Таза ниетпен – таза қалаға» байқауы мәресіне жетті. Шаһар тұрғындары арасында өрбіген сайыста «Үздік көше» мен «Үздік аула» анықталды. Таяуда жеңімпаздарға қомақты қаржы табысталды.

Үздіктер марапатталды
Үздіктер марапатталды

Тазалықты сақтап, тәртіпті құнттаған тұрғындар марапатталды. «Үздік көше» мен «Үздік аула» анықталып, жеңімпаздарға алғыс хат және қаржылай сый тапсырылды. Бірінші орын иегерлеріне – 200 мың теңге, екіншіге 150 мың, ал  3-орынға 100 мың теңге тағайындалған. Бұдан бөлек ынталандыру сый-тартулары да үлестірілді.

Бірінші орын иегеріне 200 мың теңге табысталды

Дархан Сатыбалды, қала әкімі: «Байқауға белсенді қатысып, қаланың тұрғындарын тазалыққа шақырған баршаңызға алғысымды білдіремін. Ал бүгін жеңімпаз болып, үздік танылғандарды құттықтаймын! Шымқаламыз жасай берсін!»

Шымкенттің үздік ауласы - Республика даңғылы, №20 А үйдің ауласы
Шымкенттің үздік ауласы – Республика даңғылы, №20 А үйдің ауласы

Қаламыздағы ең үздік атанған ауласы да анықталды. Республика даңғылының бойындағы №20 А үйдің тұрғыны Софья Порхомцева ауласының тазалығы мен гүлзарға толған маңайды көрсетіп мақтанды. Айтуынша, көршілері аптаның бірнеше күнін сенбілікке арнайды.

Софья Порхомцева, Республика даңғылы,  №20 А үйдің тұрғыны: «Жеңіп алған 200 мың теңгені ауламыздың көркейтуіне жаратпақпыз. Түрлі гүлдерді алып, оны отырғызып, көгалдыру жұмыстарын жүргіземіз. Ағаш көшеттерін сатып аламыз. Кішкентай балаларға арналған пластикалық алаңшаларды да алмақпыз. Қазір керсендерге гүл отырғызып, оларды суарып, баптап жатырмыз».

Х.Мамытов көшесі
Х.Мамытов көшесі

8-шағынаудандағы Х.Мамытов көшесі – үздіктер сапынан табылып қана қойған жоқ, 1-орынды жеңіп алды. Абай ауданындағы орталық көшенің маңында бүгінде мектептер мен балабақшалар да жеткілікті. Тұрғындардың сөзіне сенсек, кезінде «Қызыл шам» шулы атауымен аты шыққан шағынауданда қазір тәртіп сақтау шаралары қатаң қолға алынған.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=m3r30YGf1-I[/youtube]

Марина Ахметова, Х.Мамытов көшесінің тұрғыны: «Біздің көше ең үздік көше деп ойлаймын. Мұнда бар жағдай жасалды, көшелер жөнделді. Орталығымызда балабақша, мектеп – бәрі бар. Біз қолдан келгенше көшеміздегі келеңсіздік, яғни, жеңіл жүрісті қыздардың әрекетімен күресіп жатырмыз. Қазіргі уақытта тәулікке берілетін жалмадалы пәтерлер де жоқ. Біздің тәртіп сақшылармен қоян-қолтық қызмет атқарудамыз».

Айта кетейік, «Таза ниетпен – таза қалаға» байқауына қаламыздағы Әл Фараби, Еңбекші, Абай аудандарынан барлығы 149 аула мен 49 көше қатысты.