Шымкенттік балалар дәрігерлері шетел ғалымдарымен тәжірибе алмасуда

Бала дәрігерлерінің қатысуымен өткен конференция

Шымкенттің балалар дәрігерлері шетелдік ғалымдармен тәжірибе алмасуда. Бүгін Ресей мен Германия, Польша және еліміздің өзге қалаларынан келген мамандардың қатысуымен «Педиатрия және бала хирургиясындағы инновациялық технологиялар, олардың өңірлердегі дамуының болашағы» атты республикалық конференция басталды.

Бала дәрігерлерінің қатысуымен өткен конференция

Педиатрия саласында енгізіліп жатқан жаңа иновациялық тәсілдерді таныстыруға бағытталған шарада медицина мамандарының біліктілігін арттыру, балаға жоғары медициналық көмек көрсету, бала хирургиясы, кардиохирургия, маңызды органдарды трансплантация жасау мәселелері де көтерілді.

Сәуле Нүкешева, Педиатрия және бала хирургиясы ғылыми орталығының директоры: «Оңтүстік Қазақстан облысында бала көп. Республика көлемінде туылған әрбір төртінші бала осы өңірге тиесілі. Облыста атқарылатын негізгі жұмыстар, медицина саласындағы көрсеткіштер бүкіл республиканың көрсеткішін анықтайды. Сонымен қатар өңірде соңғы жылдары емдеудің иновациялық әдістері жаңаруда, түрлі балалар ауруханалары ашылуда, туа бітті жүрек ауруына шалдыққан нәрестелерді емдеуде. Сондықтан бұл шараны осы Оңтүстік Қазақстанда өткізуді ұйғардық».

Шараны еліміздің денсаулық сақтау министрлігі мен педиатрия және бала хирургиясы ғылыми орталығы ұйымдастыруда. Ғылыми-практикалық конференция екі күнге созылады.