Жаңа жол ережесі жүргізушілерге қалай әсер етті?

908

Күні кеше ғана Қазақстанда жол қозғалысы туралы заң күшіне енді. Енді полиция тоқтатқан жүргізуші көлігінен өз еркімен шыға алмайды. Тыйым салынған жерге көлігін қойған азаматтар айыппұлды екі есе көп төлейтін болады. Мас күйінде көлік жүргізген азаматтар үшін жаза қатаңдатылған.

Рейд

«Жол қозғалысы туралы» заңның жаңа нормасына сәйкес, механикалық көлік жүргізетін 65 жастан асқан жүргізушілер әр екі жыл сайын қайта медициналық тексеруден өтеді. Жолаушыларды және қауіпті жүк тасымалдайтын көліктерде жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау мақсатында жедел қызмет шақыратын құрылғы орнатылуы керек.

Жол қозғалысы туралы заңның айтарлықтай жаңалығы – жаңа үлгідегі жүргізуші куәлігі. Онда жеті категория болады. Жаңа куәлікті құжатты алғаш рет алып отырғандар алады, ескі нұсқасы куәліктің мерзімі біткенше жарамды болады. Ал жаңа нұсқадағы куәлікті алғысы келгендер үшін ол ерікті түрде беріледі.

Мақтанып қалғысы келетіндер «Жол қозғалысы туралы» заңның аясында «әдемі» нөмірлерді еркін ала алады. Бұл үшін жүргізушілер халыққа қызмет көрсету орталығына баруы тиіс. Мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің бағасы да белгіленіп қойған.

рейд барысы

Бұдан былай полицей талап етсе, бірден көліктен шыға қоюыңыз қажет. Әйтпесе тағы да ақшаңыздан айрыласыз. Жол сақшысын тыңдамай, көліктен шығып кетіп немесе, керісінше, шықпай отырып алсаңыз, 9 260 теңге айыппұл. Міне, өзгеріс көп, жаңа заңға полицейлер қуанып отыр, статистика жақсарады дейді.

Заң өзгергенмен, халықтың тәртібін бір күнде түзеу оңай емес. Жүргізушілер мұны мойындайтын да секілді. Айыппұл көбейгенмен, ереже бұзушылық тыйылып қалады дегенге көбісі сенбейді. Қымбат айыппұлды төлегенше, жол сақшысының қолына теңге қыстырған артық деп санайтындар аз емес. Біз сөзге тартқан бірнеше жүргізуші «Бақандай айыппұл төлегенше, жол сақшысымен келісіп, пара бергенім артық» деді.

Ескере жүріңіз, жаңа ережеге сәйкес, автокөлік жүргізуге берілген сенімхат полицияда тіркелмесе, жауапкершілікке тарту көзделген. Жүргізушіге айыппұл салынады. Тоқтау мен тұрақ белгісі жоқ көшелерде көлік қоюға және тоқтауға болмайды.

Сонымен, ескере жүріңіздер, егер көрсетілген жылдамдықтан 20-30 шақырым асырсаңыз, белгіленбеген жерден бұрылып кетіп, көше қиылысында көлік кептелісін жасап қойсаңыз, бұрынғыдай 9 230 теңге емес, 18 520 теңге айыппұл төлейсіз. Жолдың екінші қатарына көлік қойғанға 37 040 теңге төлейсіз. Ал жолдың қарсы бетіне шығып кетсеңіз, бұрынғыдай 28 мың теңгеге жуық айыппұл өтеп құтыла алмайсыз, 1 жылға куәлігіңізден айрыласыз. Көлікті тоқтату талабын орындамасаңыз да бір жыл бойы көлік жүргізе алмайсыз.