Қырағы оқушы қарақшылық шабуылдың ашылуына сеп болды

560

Шымкент қаласында жасөспірім полиция қызметкерлеріне қарақшылық шабуыл қылмысын ашуға көмектесті. Сол үшін Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Асқар Оспанов ауыр қылмысты ашуға көмек көрсеткен 13 жасар мектеп оқушысын грамотамен марапаттап, 150 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық тапсырды.

001

Жахангер есімді мектеп оқушысы осыдан бірнеше күн бұрын жасалған қарақшылық қылмысын ашуға полиция қызметкерлеріне көмек көрсеткен. Қарашаның 10 күні Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының Әл-Фараби полиция бөліміне қаладағы өнеркәсіптердің біріне тиесілі «Опель-Вектра» маркалы автокөлігіне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Оқиға орнына жеткен жедел тергеу тобы сағат 15:00-дер шамасында, қаладағы көшелердің бірінде тапаншамен қаруланып, беттеріне бетперде киген екі белгісіз азамат «Опель-Вектра» маркалы автокөлігінің алдыңғы сол жақ бетіндегі терезесіне оқ атып, 25 жастағы жүргізуші мен оның қасындағы 1979 жылы туылған сол өнеркәсіптің бухгалтеріне қаруымен күш көрсетіп, қорқытып, 7 миллион теңгені тартып алып, белгісіз бағытқа қашып іздерін суытқанын анықтаған.

Тәртіп сақшылары оқиға орнына қосымша тексерулер жүргізіп, куәгерлерден сұрау жүргізеді. Болжам бойынша қылмыскерлердің ізіне түсуге полиция қызметкерлеріне Жахангер есімді бала көмектескен. Ол сол күні таңғы сағат 10:00-ден бастап көшеде ойнап жүріп, үйінен алыс емес жерде тұрған сұр түсті «Мазда 626» маркалы автокөлігінде отырған жасы 30-35-тер шамасындағы екі азаматты байқағанын айтқан.

Сол күні сағат 14:45 шамасында оқушы бала жоғарыда аталған азаматтардың көшеден автокөлікке қарай жүгіріп келе жатқанын, біреуінің қолында полиэтиленді пакет, ал қасындағысының қолында тапанша барын байқап қалған. Осыдан соң олар автокөлікке мініп, белгісіз бағытқа кетіп қалыпты. Жахангер аталған автокөлікті және күдіктілерді полиция қызметкерлеріне сипаттап береді.

Облыстық ішкі істер департаментіне тиесілі жедел басқару орталығының бейнебақылау камерасындағы жазбаларды қарау барысында жоғарыда аталған «Мазда 626» автокөліктің қала көшелерінің қиылысынан Республика даңғылына қарай бұрылғаны айқындалады. Тәртіп сақшылары дерекқордағы мәлімет арқылы 32 жастағы автокөлік иесін анықтайды. Ал жасөспірім суреттегі күдіктіні таныған.

Жедел іздестіру іс-шарасы барысында Әл-Фараби полиция бөлімінің қызметкерлері 1982 жылы туылған жергілікті тұрғынды күдікті ретінде ұстады. Оның автокөлігінне 1 миллион 7 жүз мың теңге ұрланған ақша табылды.

Полиция қызметкерлерінің анықтауы бойынша, ұсталған азамат аталған өнеркәсіп автокөлігінің жүру бағытын білген екен. Өйткені өзі бұрын осы өнеркәсіпте жүргізуші болып жұмыс атқарып, теріс қылығымен жұмыстан босатылыпты.

Қазіргі таңда полиция қызметкерлері күдіктінің сыбайласы, 1982 жылы туылған облыс орталығының тұрғынын да қолға түсірген. Аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 179-бабы — «Қарақшылық» дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталғандар қамауда. Тергеу амалдары жүргізілуде.