Қарақшылық шабуыл жасап, көлік ұрлаған қылмыскер сотталды

257
Тергеу барысындағы шұғыл түсірілім

Оңтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары такси жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасаған 40 жастағы кісіні құрықтады. Маусым айының басында Мақтаарал аудандық ішкі істер басқармасының кезекші бөліміне жергілікті 25 жастағы тұрғын шағымданған. Оның айтынша, түнгі сағат бірлер шамасында қаладағы кафелердің бірінің жанынан оның автокөлігіне жолаушы ретінде жасы 30-35 шамасындағы кісі мініп, қаланың сыртына апарып тастауын сұранған.

Айтылған жерге келгенде жолаушы жүргізушінің мойнына пышақ тақап, электр шокермен ұрып, аяқ-қолын байлап тастайды. Осыдан соң қаскүнем жәбірленушіні Жетісай қаласына апарып, оның қалтасындағы 7 мың теңгесін алып, өзін электр торабының ескі ғимаратына тастап кетеді.

Тергеу барысындағы шұғыл түсірілім
Тергеу барысындағы шұғыл түсірілім

Содан кейін құны бір жарым миллион теңгеге бағаланатын автокөлігін белгісіз бағытқа айдап кеткен. Мақтаарал АІІБ-ның қызметкерлері жедел іздестіру іс-шарасы барысында күдіктіні ұстайды. Ол 40 жастағы жұмыссыз, Жетісай қаласының тұрғыны болып шықты. Ұсталған азамат тәртіп сақшыларының тергеуі барысында қылмысты қалай жасағанын айтып берді.

Айтуынша, сол күні Сарыағаш қаласына жетуді жоспарлапты. Бірақ, ақшасы болмағандықтан жас жігіттің көлігін айдап кеттім дейді. Тәртіп сақшылары көлікті кейіннен Сарыағаш қаласына барар жолдың бойынан тапты.

Аталған жайтқа байланысты Қазақстанның қылмысты кодексінің екі бабы: 126-бап – «Бас бостандығынан заңсыз айыру» және 179-бап – «Қарақшылық» дәйегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда аталған қылмыс бойынша ұсталған азамат соттың шешімімен 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жалпы, жылдың басынан бері Мақтаарал ауданының полиция қызметкерлері екі автокөлікті айдап кету дерегін ашып отыр.