Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығының мерейтойына Халық қаһарманы қатысты

2131

Шымкент қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығына 40 жыл толды. Ішкі істер министрлігіне қарасты орталықтың мерейтойын құттықтауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен ел ағалары мен әскери қызметтің ардагерлері, қолбасшылар келді. Мереке күні болашақ полиция қызметкерлеріне сертификаттары да табысталды.

001
Халық қаһарманы – Бақытжан Ертаев (ортада)

Ішкі істер саласында бірегей орны бар оқу орнының мерекесіне ортақтасуға Халық қаһарманы, депутат Бақытжан Ертаев та келді. Әдеттегідей ресми тәртіппен өтетін іс-шараға аздап еркіндік қосқан генерал-лейтенант курсанттардың туыстарымен, жергілікті шенді әскерилермен амандасып болған соң салтанатты шараны ашып берді. Алғашында сертификаттың тапсырылуын сырттай бақылап тұрған Бақытжан аға өңшең жігіттердің арасынан өрімдей қазақтың қызын көріп, ортаға өзі келді.

[youtube]http://youtu.be/i6nvPIH3BPM[/youtube]

Сөйтсек, полиция қатарына қосылғалы тұрған ару жалғыз емес екен. Солардың бірі – Айнұр Есіркепова. Бойжеткен Алматыдан келіп, осында заңды үйреніп жүр. Қазақстандық құқық қорғаушылар қатарын толықтырған соң туған қаласына баратынын айтады.

[youtube]http://youtu.be/IKeMEf7Pw8E[/youtube]

Тек курсанттар ғана емес, бұл күні еңбегі еленген қызметкерлердің де аты-жөндері атап өтілді. Солардың біріне Халық қаһарманының қолынан кезекті шенін алудың бақыты бұйырды.

[youtube]http://youtu.be/Nw05m2qPTas[/youtube]

Сертификаттарын алған курстанттар сап түзеп, жиналғандар алдынан шерумен жүріп өтті. Тек олар ғана емес. Ресми шараға әдеттегіден өзгеше леп енгізген генерал-лейтенанттың кенеттен берілген бұйрығын орындаған әскери оркестр де сап түзеп, алаңды айнала адымдап шықты.

40 жылдың ішінде бұл ғимараттан мыңдаған полиция қызметкері түлеп ұшып, халыққа сәтті қызмет етіп келеді. Енді қазақтың батыр ұлы – Бауыржан Момышұлының атын иеленген оқу орнының ұжымы республикалық өзге оқу орындарынен кем түспейтінін дәлелдемек. Бұл күні мұнда спорт алаңы ашылып, офицерлерге арналған үйдің құрылысы басталды.