«Алматылық полицейлердің тәртібі шымкенттік әріптестерінен жоғары емес…»

493

Қаламыздағы Ішкі істер Министрлігіне қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығы кезекті кәсіби дәріс науқанын бастады. Бірегей білім ордасына еліміздің әр аумағынан полицей қызметкерлері арнайы келіп, қызметалды оқу-жаттығудан өтіп жатыр.

Яғни, тәртіп сақшылары мұнда қоғамның тыныштығы үшін қажетті заңнамаларды жаттап, құқықтық сауатын құнттайды. Сондай-ақ, психологиялық тесттен өтіп, халықпен жұмыс істеудегі тәртіп-ережені ескереді. Дене шынықтыру мен өзге де салаға қатысты сабақтарға жұмылдырылады.

«Жасыратыны жоқ, бүгінгі қоғамда полицейлердің қызметін асыра пайдалану фактісі немесе тұрғындарды жекіп тастау секілді жағдайлар кездеседі. Бұл заңсыз әрекеттерден тез арада арылуымыз керек. Елбасымыз да қазір тәртіп сақшыларының қызмет-құзыретін қадағалап отыр. Сондай-ақ, Алматыдағы полицейлердің тәртібі Шымкенттегіден анағұрлым жоғары деген ұғым бар. Мен кәсіби маман ретінде бұл пікірді жоққа шығарамын. Осы семинар-сабақтың да діттеген мақсаты осы», – деді ҚР ІІМ кадр жұмыстары бөлімі бастығының орынбасары Руслан Құрымбаев.

Аталған семинар-сабақ бір емес, 3 күн бойы өтеді. Ауқымы кең бастама аясында полицейлер тұрғындармен жұмыс жасаудың оңтайлы әдістерін меңгеріп қана қоймайды, тәртіп сақшылары өзара тәжірибе алмаспақ.

Айта өтейік, Халық қаһарманының құрметіне есімі берілген еліміздегі бірегей оқу орнының қызметін бастағанына биыл – 44 жыл. Бүгінде орталықтан 15 000-нан астам полицейлер құжат алған.