«Мемлекеттік қызметтен дәмелілердің 3-тен 2-сі сауатсыз»

Берік БЕКЖАНОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ОҚО бойынша департамент басшысы
Берік БЕКЖАНОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ОҚО бойынша департамент басшысы
Берік БЕКЖАНОВ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ОҚО бойынша департамент басшысы

– Берік Айдарбекұлы, былтыр «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға өзгеріс енгенін білеміз. Заң аясында біраз міндеттер айқындалған еді. Бүгінгі жұмыс барысы қалай өрбіп жатыр? Не өзгерді? 

– Өзгеріс енген заңда мемлекеттік қызметкерлердің құқығы мен міндеттері, мемлекеттік қызметке кірудің тиімді тұстары нақтыланды. Қызмет этикасын дамытып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды арттыру мақсатында оның алдын алу жағдайлары қарастырылды. Тиісті нормативтік актілер өзгеріске ұшырады. Барлық міндеттерге сәйкес облыста ауқымды жұмыстар жүргізілуде.

Конституциямызда көрсетіл-гендей біздің ел – құқықтық мемлекет. Сол себепті құқықтық мәселе мен құқықтық тәртіп бірінші кезекте қорғалуы тиіс.

Мәселен, тұрғын мемлекеттік қызметкердің көмегіне жүгінді делік. Ал қызметкер тізімде көрсетілмеген құжаттарды талап етуі мүмкін. Қолында сұраған құжаты жоқ тұрғын мәселесін оңай шешкісі келіп, мұның соңы сыбайлас жемқорлыққа әкеп соғуы мүмкін. Егер де құжат тапсырушы қызмет көрсетудің міндеттерін білетін болса, мемлекеттік қызметкерден өзінің құқығын талап ете алатын еді. Міне, осы мақсатпен біз әрбір аудандық, қалалық газеттерде көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін жария-лап отырмыз.

– Сіз департамент басшысы болумен қатар облыстық тәртіптік кеңестің төрағасысыз. Айтыңызшы, тәртіптік кеңесте жыл басынан бері мемлекеттік қызметкерлердің теріс әрекеттеріне қатысты неше іс қаралды және олардың басым бөлігі қай заңды өрескел бұзған?

– Тәртіптік кеңестің жұмысы өте ауқымды. 9 айдағы көрсеткіш бойынша 82 тәртіптік іс қаралды. Кеңесте қаралатын істердің басым көпшілігі сыбайлас жемқорлық туралы заңды бұзуға қатысты. Мәселен, жыл басынан бері осы бағыт бойынша 17 іс қаралып, былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір артып отыр, яғни, сыбайлас жемқорлыққа жол берген 17 қызметкер қызметінен босатылды. 2013 жылдың осы кезеңіне дейін 7 мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлыққа бару фактісі тіркелген. Сондай-ақ, кеңесте ар-намыс кодексінің бұзылуына қатысты да істер көбірек қаралды.

– Жауапкершілікке тартылған қызметкердің әрекеті өзгеге сабақ болуы қажет емес пе? Ал тәртіптік кеңес көбіне тәртіп бұзған қызметкерге тек сөгіс берумен шектеліп жатады. Неліктен?

– Жоғарыда айтып өткенімдей біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Тек қана мемлекеттік қызметкер емес, жалпы қоғамдағы әрбір азаматтың теріс әрекеті заң аясында қаралып, жауапкершілікке тартылуы тиіс. Ал, жаза бұзған тәртібіне, заңсыз әрекеттің ауырлығына, қоғамға қауіптілігіне байланысты тағайындалады.

Жалпы, тәртіптік кеңес – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана және Алматы қалаларындағы, облыстардағы мемлекеттік тәртіпті нығайту, мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамасын және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің ар-намыс кодексін сақтау мәселелерін қарайтын, сондай-ақ өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмысын үйлестіретін алқалы орган болып табылады.

– Облыста бір қызметкердің бірнеше рет тәртіп бұзу фактісі тіркелген бе?

– Тәртіптік кеңесте қаралған істердің ішінде бір қызметкердің жауапкершілікке тартылып, кейін тағы да тәртіп бұзу әрекетімен кеңес талқысына түскен факті тіркелмеген. Бірақ, кейде бір қызметкердің бірнеше әрекеті кеңес отырысында қаралып, әрекетінен тәртіп бұзуға қатысты теріс қылық байқалмағандықтан, ол іс қысқартылған жайттар кездеседі. Тарқатып айтар болсам, кей іс қаралу барысында өз дәлелін таппай жатады. Міне, сондай сәттерде тәртіптік кеңес мүшелері тарапынан принципиалды шешім қабылданып жатады.

– Білуімізше мемлекеттік қызметте 500-ге жуық бос орын бар. Бұл қызмет орындары не себепті бос тұр? Әлде ешкім келмей ме? 

– Расында да қазіргі уақытта мемлекеттік қызметкерлердің штаттық саны – 8267, жұмыс істейтін қызметкер саны – 8170. Қалған 457-сі бос тұрған орындар. Мемлекеттік бос лауазымды қызметтерге үміткерлердің келу, келмеуінің нақты себебі мынау деп кесіп айта алмаймын. Қазір талап күшейген. Тек талап емес, білім деңгейінің де төмендігін жасыруға болмайды. Мемлекеттік қызметке орналасу үшін әрбір үміткер Қазақстан Республикасы заңнамаларын білу деңгейін анықтайтын тестілеуден өтуі керек. Жыл басынан бері 3059 үміткер сынақ тапсырса, оның тек 34 пайызы ғана шектік балдан өте алды. Бұның өзі мемлекеттік қызметке орналасамын деушілердің 3-тен 2-сінің мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігінен шектелді деген сөз.

Тестілеуді мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару орталығы» АҚ өткізеді.

Үстіміздегі жылдың 1 наурызынан бастап мемлекеттік қызметке үміткерлерді тестілеуге жіберу шарттары айтарлықтай жеңілдетілді. Атап айтқанда, қазіргі жағдайда тестілеуге ҚР «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңында көрсетілген талаптарға сәйкес келетін ҚР азаматтары қатысады. Яғни, тестілеуге қатысатын адам ҚР азаматы болуы және жасы он сегiз жастан кем емес, сондай-ақ, ҚР заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толмаған болуы шарт.

Үміткерлер тестілеуге үйінде отырып-ақ ғаламтор желісі арқылы жазыла алады. Олар «Электрондық үкімет» веб-порталына (www.egov.kzwww.egov.kz) кіріп, «Жұмысқа орналастыру» бөліміндегі «Тестілеуге жазылу» қызметін таңдайды. Ал, тұрғын үйінде интернет желісі болмаған жағдайда, халыққа қызмет көрсету орталығы немесе Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің аумақтық департаментіне келіп тіркелуіне болады. Ол үшін үміткердің жеке куәлігі болса жеткілікті. Тіркеу барысында әр үміткер де тестілеу орнын, күнін және өту уақытын өзіне ыңғайлы етіп таңдау мүмкіндігі бар.

Аудандық және ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдар үшін жеңілдетілген бөлек бағдарлама енгізілген. Мұндай лауазымдарға үміткерлер енді бұрынғыдай сегіз заңнан емес, алты заңнан тестілеуден өтеді. Әр заң бойынша жауап берілетін уақыты да көбейген.

Ережеге сәйкес, жоғары тұрған бағдарлама бойынша тестілеудің оң нәтижелері төменгі бағдарламалар үшін де жарамды. Демек, бірінші бағдарлама бойынша берілген сертификат екінші және үшінші бағдарламалар бойынша сертификат талап етілетін конкурстарға жарамды. Ал, екінші бағдарлама бойынша берілген сертификат үшінші бағдарламаға да жарайды. Сонымен қатар үміткерлердің жауапкершілігі де күшейтілген. Яғни, үміткер тестілеудің бір бағдарламасынан өтпей қалса, қандай бағдарламамен тапсырғанына қарамай, келесі тестілеуге үш айдан кем емес мерзімнен кейін ғана жіберіледі. Ендігі уақытта конкурсқа қатысқан үміткердің қажеттi бiлiмiн, кәсiби даярлық деңгейiн және белгіленген бiлiктiлiк талаптарына сай келуін бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға конкурс жариялаған мемлекеттік органның конкурс комиссиясы қарайды. Сондықтан мемлекеттік әкімшілік қызметке орналасу үшін үміткер бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға жариялаған конкурста қойылатын біліктілік талаптарына сай келген жағдайда және тиісті лауазым бойынша сертификаты болса ғана қатыса алады. Ал, департамент сынақ барысында тестілеу ережесінің талаптарын сақтау сынды шараларды ұйымдастырады. Мемлекеттік қызметтен үміті бар әрбір жан осы жайтты назарға алса деймін. Өйткені «департаменттің іріктеуінен өткен үміткерлер ғана сыннан сүрінбейді» немесе «кімнің өтетіні алдын ала бекітіліп қойған» деген сынды жаңсақ пікірлер ел арасында тарап кеткен. Тағы бір атап өтерлігі, кейбіреулер пендешілікке салынып «көке-жәкені» ортаға салып, сынақтан өткісі келеді. Ол заман қашан өтіп кеткен. Тесттен сүрінбегеннің өзінде қандай да бір қызметке орналасу үшін конкурстан өту керексің. Онда конкурстық комиссия отырады. Міне, сол үшін де әрбір үміткерлердің негізгі міндеті – заңды меңгеруі. Әркім білім деңгейін шыңдауы тиіс. «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару орталығы» АҚ әрбір үміткердің өз білім деңгейін тексеруге мүмкіндік беріп отыр. Яғни, негізгі тестілеуге кірмес бұрын үміткер ақылы тестілеуден өте алады. Тіпті, бірнеше рет өтуіне болады.

– Ақылы тестілеудің бағасы қандай және бұл қызметтің көрсетіліп жатқанына қанша уақыт болды?

– Ақылы тестілеуден бір рет өтудің құны – 2150 теңге. Бұл соманы үміткер әкімдікке немесе департамент кассасына келіп төлемейді. Ақылы тестілеу ақысын сынақты ұйымдастырып отырған «Мемлекеттік қызмет персоналын басқару орталығы» АҚ-ның есепшотына аударуы қажет. Содан соң үміткер қаржының аударылғаны туралы түбіртек және жеке куәлігімен бірге негізгі тестілеу өтетін орынға келуі керек. Бұл жүйенің қолданысқа енгеніне бір жылға жуықтап қалды. Осы уақыт аралығында облыс бойынша 8032 үміткер ақылы тестілеуден өтті.

– Нәтиже бар ма?

– Өзге өңірлердегі жағдайды қайдам, біздің облыста нәтиже жаман емес. Алдын ала өткізілетін тестілеу арқылы үміткер заң тұрғысындағы білім деңгейін анықтап, білмеген тұсы бойынша дайындалады. Сонымен қатар, кейде адамда психологиялық кедергілер де орын алуы мүмкін. Ақылы тестілеу кедергілерді жеңуге өзіндік септігін тигізе алады. Осы ретте мына бір жайт есіме түсіп отыр, жақында бір үміткер ақылы сыннан 8 рет өтіп, негізгі тестілеуде шекті мәннен жоғары балл жинап шықты. Мемлекеттік қызметке үміткер әрбір жанды осы бір тәжірибені қолдануға шақырар едім. Жалпы, ақылы тестілеуге қатысты теріс пікір естімеппін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Жансая ТӘУЕКЕЛҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №44, 29.10.2014