Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Шымкент қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, онда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Алдымен өңір басшысы қала аумағындағы 1000 га жерге егілген жасыл желек белдеуін аралап көрді. Мұнда жалпы саны 330 мың түп ағаш көшеті егіліп, 6 су ұңғымасы іске қосылған. Оған қоса тағы 2 су ұңғымасы салынып жатыр.
2009 жылдан бастап негізі қаланған бұл жасыл желекті аймақта отырғызылған ағаштардың өнімділігі 75 пайызды құрайды. Күзде және көктемде мұнда қосымша 25 мың түп ағаш көшетін егу жоспарланған. Бұл жұмыстарды атқару «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС міндетіне жүктелген.
Сонымен қатар облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Шымкент қаласында жаңа жасыл желекті аймақ құруға жалпы көлемі 1564 га алқап бөлген. Бүгінгі таңда мұнда қарағаш, үйеңкі, шаған, бадам, өрік, алма сынды 652 мың түп ағаш көшеті отырғызылып, өнімділігі 75 пайызға жеткен. Мұнда да қурап кеткен көшеттердің орнына қосымша 60 мың түп түрлі ағаш көшетін егу жоспарланған.
Шаһардың жасыл желекті аймағын құруда атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан облыс әкімі қурап кеткен ағаштарды жаңартуда осы аймақтың климаттық ерекшеліктеріне сәйкес төзімділігі жоғары, жерсінуі жылдам және тез бой алатын көшеттерін отырғызуға назар аударды. Отырғызылған ағаш арасында топырақтың құнарлығын арттыратын әрі жерді барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін өсімдік түрлерін егу мүмкіндіктерін қарастыруды жүктеп, іргесі қаланып отырған жаңа баудың техникалық жарақтандырылуы бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
Облыс әкімі аялдаған келесі нысан – құрылысы жүріп жатқан сауда-логистикалық орталығы болды. Жалпы аумағы 92 га құрайтын бұл орталықта құны 18,9 млрд. теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылуда. Мемлекеттік «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 1,5 млрд. теңгеге «Батыс Европа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізіне қосатын жол, тұйықталған теміржол, қуаттылығы 10 МВт болатын электр стансасы, орталықтандырылған газ және су құбырлары жүргізілді.
Биыл мұнда аумағы 43,3 мың шаршы метрді құрайтын ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын 11 қойма іске қосылады. Заман талабына сай салынып жатқан орталықта 2016 жылға дейін 8 жоба іске қосылып, тартылатын инвестиция көлемі 24 млрд. теңгеге жетпек. Заманауи кешеннің құрылысымен танысқан облыс әкімі мемлекет басшысының жуырда ғана жарияланған жолдауында еліміздің экспорттық әлеуетін арттырып, әлемдік нарықта өзіндік орын иеленуі үшін логистикалық хаб құру жөнінде нақтылы міндеттер қойылғанын атап өтті.
Осы орайда Асқар Исабекұлы салынып жатқан сауда-логистикалық орталығы экономикасы ауыл шаруашылығына бейімделген өңірімізді дүниежүзілік нарыққа шығаруға зор мүмкіндік болып отырғанына назар аударып, құрылыс жұмыстарын сапалы әрі мерзімінде орындауды міндеттеді.
Бұдан кейін облыс әкімі Бадам өзені бойын абаттандырудың екінші кезеңінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Бұл кезеңде жалпы ұзындығы 1,5 шақырым болатын өзен арнасы кеңейтіліп, жағалауы көріктендірілуі керек болатын. Бүгінгі таңда мұндағы биылға жоспарланған жұмыстар аяқталуға жақын.
Жалпы, бұл жобада қарастырылған жұмыстар 2015 жылы толығымен аяқталады деп көзделген. Тиісті сала басшыларының жобаны іске асыруда атқарылған жұмыстардың есебін тыңдаған облыс әкімі құрылыс жұмыстары барысында өндірістік кестенің қатаң сақталуына, пайдаланылатын құрылыс материалдарының сапасына бақылауды күшейтуді тапсырды.
Түс қайта өңір басшысы қаладағы №3 жылу-энерго орталығында болды. Мұнда Асқар Мырзахметов кәсіпорынның жылу маусымына дайындығы мәселесін қадағалады. Жылумен қамтамасыз етуші мекеменің басшылығы атап өткендей, биыл орталықтың трансформаторы, №2 турбинасы жөндеуден өтіп, 4 секциялы желдеткіштің электр жабдықтары, қышқыл резервуары монтаждалған. Басқа да жылыту агрегаттарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген.
Жаңа жылыту маусымына дайындық барысында 90 шақырымдық магистральдық, 378 шақырымдық ішкі құбырлар сығымдаудан өткен. Бірқатар тұрғын үй алаптарында жылу құбырлары толығымен жаңартылған. Барлық аудандық және аумақтық жылу қазандықтарының қосымша жабдықтары жөндеуден өткен.
«ҚазТрансГазАймақ» мекемесімен қажетті 107 663 текше метр газ жеткізу жөнінде келісім жасалыпты. Мұнда резервті отын ретінде мазут пайдаланылады. Қазіргі таңда стансаның қоймасында 7347 тонна мазут жинақталған. Мазут жеткізу жөнінде «Petrosun» ЖШС-мен келісім жасалған.
Кәсіпорын басшылығының қысқы жылыту маусымына дайындық жөніндегі есебін тыңдаған облыс әкімі тиісті сала басшыларына қала тұрғындарына берілетін жылудың нормативтерге сай болуын қатаң қадағалауды жүктеп, жылыту маусымында орын алатын техникалық ақауларды шұғыл қалпына келтіруді бақылауда ұстауды тапсырды.
Ал «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-не қарасты мұнай өңдеу зауытында облыс басшысы ҚР Үкіметінің қолдауымен жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Арнайы қабылданған бағдарлама аясында кәсіпорынды жаңғыртудың бірінші кезеңі іске асып, «Евро» стандарттарына сәйкес жанар-жағармай шығаратын 3 заманауи қондырғы орнатылған.
Жаңа өндіріс кешенінің монтаждау жұмыстарымен танысқан облыс әкімі кәсіпорынға қажетті мамандар даярлау мәселесін облыс әкімдігімен бірлесе шешу керектігіне көңіл бөліп, тиісті сала жетекшілеріне заманауи құрылғыларда жұмыс істей білетін жергілікті кадрлар даярлаудың кешенді жоспарын әзірлеуді міндеттеді.
Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы Бадам су қоймасында су және ескек есу спорт түрлері үшін қажет әмбебап оқу-жаттығу базасы мен Шымкент көркем гимнастика спорт кешенінің құрылыстарымен танысты. Бұл нысандардың құрылысы облыс бюджеті есебінен қолға алынып, 2015 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Өндірістік кестеге сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалаған А.Мырзахметов бұл спорттық кешендерде келешекте республикалық, халықаралық деңгейдегі спорттық сайыстар өтетініне көңіл бөліп, салынып жатқан ғимараттар қалыптасқан әлемдік стандарттарға сәйкес болуы керегін қадап айтты. Кешен құрылыстары барысына спорт саласының білікті мамандарын тартып, олардың ұсыныс-пікірлерін ескеруді жүктеді.
Дереккөз: ОҚО әкімі аппаратының баспасөз қызметі