Шымкенттің автобустары алғашқы аязға шыдамады

288

26-қараша күнгі таңертеңгі аязға Шымкенттегі қоғамдық көліктер шыдас бермеді. Таңғы сағат 7 мен 9 арасында қалалық бағыттарға тиісті автобустардың бар болғаны 65 пайызы ғана шыққан. Қалғандары түрлі себептермен тұрақтарда қаңтарылып тұр. Қоғамдық көліктердің бірінің дөңгелегі қыстың жолына сай болмаса, енді бірінің жанар-жағармайы қатып қалыпты. Соның кесірінен тұрғындар аялдамада ұзақ тұрып, жұмысы мен сабағына кешікті.

001

Таңертең жолға шығуы тиіс 1100 көліктің 600-ы ғана қызмет көрсетті. Сөйтіп, жолаушы тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктердың қысқа дайын еместігі алғашқы аязда-ақ белгілі болды. Қалада жолаушылар тасымалдаумен айналысатын 33 көлік компаниясының кейбірінің көліктерінің, тіпті, 20-22 пайызы ғана көшеге шыққан. Ол — ол ма, күн жылының өзінде көлікшілер міндеттерін бар болғаны 70-75 пайыз ғана орындап келген.

[youtube]http://youtu.be/_c70LOCzvgE[/youtube]

2015 жылдан бастап барлық бағыттағы автобустар GPS қондырғылары арқылы қадағаланатын болады. Ал диспетчерлік бекеттер мүлдем болмайды дейді жауаптылар. Қазірдің өзінде қаладағы 6 бекеттің төртеуі жабылған. Ал GPS қондырғысын орнатпаған көлік компанияларымен келісім-шарт бұзылады.

[youtube]http://youtu.be/6L9BVZNahm8[/youtube]

Жолаушы тасымалымен айналысатын жүргізушілердің қатысуымен орын алатын заңсыздықтар өршімесе, кеміген жоқ. Қала әкімдігінің көлік бөлімі заңға мойынсұнбай, талапты орындамаған 8 компанияның құжаттарын сотқа тапсырған. Бұл әрекет өз кезегінде жолаушы қауіпсіздігінен ақшаны артық көрген өзгелерге сабақ болса, қанеки.