Электронды карта немесе касса: қайсысы қолайлы?

Бүгінде банкомат картасын пайдаланбайтын жан кемде кем. Тіпті, электронды карта зейнеткерлердің арасында да кеңінен қолданысқа енген. Соңғы жылдары зейнетақыны карта арқылы алу кең етек жайғанымен, кейбір қарияларымыз әлі күнге дейін зейнетақысын карточкадан гөрі, кассаға кезекке тұрып алғанды жөн санайды. Себебі, зейнеткерлердің көпшілігі банкоматты қолдана алмайтынын, пин-кодты ұмытып қалатынын жасырмайды. Десек те мамандар зейнетақыны банкомат картасы арқылы алу тиімді, әрі сенімді екенін айтады.

50-004

Осы ретте біз оқырман-дарымызға көмек бергіміз бар. Ендеше, банкомат картасының мүмкіншіліктері мен банкоматты қалай пайдалану керек екенін біле жүріңіз.

Банкомат деген не?

Банкомат – пластикалық карточкалар бойынша қолма-қол ақша беретін және көптеген өзге операция- ларды жасайтын құрылғы. Онымен жұмыс диалогтік режимде құрылған. Яғни, экранда қойылған сұрақтарға апсықпай нұсқалар пернесін басу арқылы ұсынылған нұсқалардың бірін таңдау арқылы жауап беріледі. Диалог тілі (мәзір) клиенттің өз бетінше таңдалады. Әдетте мәзір банкомат орналасқан ел тілінде беріледі және оған қосымша 1-2 халықаралық тілді таңдау еркі де ұсынылады.

Банкомат түрлері

Банкоматтар қолжетімділік уақытына қарай:

1. Тәулік бойы жұмыс істейтін банкоматтар.

2. Шектеулі қолжетімді банкоматтар деп екіге бөлінеді.

Алғашқысы – ірі қоғамдық, іскерлік, сауда және ойын-сауық орталықтарында, көлік тораптарында орналасса, екіншілері – банкомат орналасқан жердің жұмыс кестесімен шектеледі.

Орналасу типіне қарай:

– көшелік;

– ішкі;

– қабырғааралық болады.

Банкоматқа барғанда

1 қадам:

– Банкоматты таңдаңыз. 

Банкоматқа жақындағанда төлем жүйесінің белгісі бар жапсырмаға назар аударыңыз. Бұл жапсырмалар осы банкоматта қызмет көрсетуге қандай төлем карточкалары қабылданатынын көрсетеді.

2 қадам: 

– Жұмыс істейтініне көз жеткізіңіз. 

Банкоматтың жұмыс істеу жағдайында тұрғанын карточканы енгізуге шақырған экрандық заставка немесе экранда жарнамалық роликтердің көрсетілімі, карточка енгізуге арналған тесік индикаторының жасыл түспен жанып-өшуі білдіреді. Ал егер экранда «Уақытша жұмыс істемейді», «Off-line» хабарламасы жазылса, бұл банкомат жұмыс істемейді.

50-001

3 қадам:

– Төлем карточкасын салыңыз

Есте сақтаңыз: магниттік сызық – оң жақта астында, микрочип пен банктің логотипі карточка қозғалысының бағыты бойынша жоғарыда болуы тиіс. Егер Сіз карточканы дұрыс салмасаңыз, банкомат оны қабылдамайды.

Карточканы қабылдап, банкомат онымен тілдесу тілін таңдауды ұсынады. Экраннан оң немесе сол жақтағы тиісті пернені басып, тілді таңдаңыз.

50-002

4 қадам:

– PIN код енгізіңіз

Бұл төрт цифрдан тұратын код. Алғашқыда оны карточкамен бірге (мөрленген жеке конвертте) береді.

Ескеретін жәйт: Егер сіз PIN-кодты дұрыс термесеңіз, банкомат сізге жаңа талпыныстар жасауды ұсынады. Алайда егер сіз төртінші рет қателессеңіз, банкомат карточканы ұстап қалады және қайтармайды. Егер сіз терген код дұрыстығына сенімсіз болсаңыз, «Жою» («Cancel») пернесін басып операциядан бас тартуыңызға болады.

5 қадам: 

– Ақшаның сомасын таңдаңыз

Банкомат ұсынған сомалардың бірін пайдалануға немесе егер ол ұсынылғандардан ерекшеленетін болса, өзіңізге қажетті соманы («Өзге сома» пернесі) енгізуге болады. Егер банкоматтың ақша беру мүмкіндігі болмаса (қолма-қол болмаса, Сіздің төлем карточкаңыздың шотында қаражат жеткіліксіз, лимитті асыру және т.б.), орындамау себебі көрсетіліп, хабарлама шығады.

50-003

6 қадам:

– Карточканы, сосын ақшаны алыңыз

Банкомат карточкаңыз бен қаржыңызды бергеннен кейін 20-45 секунд (әр банкоматта әртүрлі) ішінде алмасаңыз, банкомат оны «жұтып» қояды. Қаражатыңыз бен картаңызды қайтару үшін жеке куәлігіңізді алып, банкоматты орнатқан банкке баруға тура келеді.

Қаражат қалдығын білуге болады ма?

Карточкадағы қаражат қалдығын:

– Банкомат;

– Ұялы телефон;

– Интернет арқылы білуге болады.

Банкомат арқылы. Ақшаны алған соң шот жайы туралы чек басып шығару немесе қолма-қол ақшаны алмай тұрып, мәзірдегі «Шоттағы қалдық» деген түйіндемені таңдау арқылы білуге болады.

Ұялы телефон арқылы. Ол үшін «SMS-банкинг» қызметіне қосылу керек.

Интернет арқылы. Интернетте шот бойынша мәліметке қол жеткізу үшін «Интернет-банкинг» қызметіне қосылу керек. Қосылған соң құпия сөз (пароль) аласыз (алдын-ала «өз» банкіңізге барып).

Карточка жоғалса 

Карточка жоғалса не ұрланса оны көп ұзамай оқшаулау керек. Ол үшін картаны берген банкке барып, оны бұғаттау туралы өтініш жазу керек.

Сондай-ақ, «Интернет-банкинг» немесе «SMS-банкинг» қызметтерін пайдалана отырып, карточканы оқшаулауға болады.

PIN-кодты ұмытсаңыз…

Карточка иесі өзінің пин-кодын ұмытқан жағдайда, оған ешкім кодты айта алмайды. Өйткені, оны карточка иесінен басқа ешкім білмейді. Сондықтан да, ең қолайлысы банкке барып жаңа карточкаға тапсырыс беру керек.

Банкомат «жұтып» қойса…

Егер карточканы банкомат жұтып қойса, тез арада жеке басын растайтын құжатпен банкке барып өтініш жазу керек.

Банкомат қызмет көрсетуден бас тартса

Егер банкомат қызмет көрсетуден бас тартса:

– карточканың әрекет ету мерзімі өтпегеніне;

– операциялар жасауға карточкада қаражаттың жеткіліктілігіне;

– карточкада ақшалай қаражатты пайдалану лимиттері орнатылмағанына;

– карточканың зақымдалмағанын тексеріңіз.

– Қазір банк өзінің барлық клиенттерін электронды картаға өткізуге тырысып жатыр. Себебі, картаны пайдалану – ыңғай­лы әрі сенімді. Ыңғайлылығы – электронды картамен үйден шықпай-ақ, коммуналдық қызметтерді төлеуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, қалаған уақытта, кезекке тұрмай-ақ, уақытты үнемдей отырып, кез келген соммаға қол жеткізуге мүмкіндік бар. Ал сенімділігі: ақшаны карта иесінен басқа ешкім ала алмайды. Екіншіден, ақша жоғалып қалса, оны қайтара алмайсың. Егер карточка жоғалып қалса, оны дереу бұғаттап қойып, қайта жасатуға болады. Ішіндегі қаржы да қаз-қалпында сақталады. Өкінішке қарай, халық әлі картаның тиімділігін түсінбей отыр. Уақыт өте келе, адамдар бұл өнімнің артықшылығы мен мүмкіндіктерін түсінеді деген ойдамын, – дейді «Халық банкі» АҚ ОҚО филиалы, бөлшек сауда орталығының басшысы Жахангер Нұркешов.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №50, 10.12.2014