Оңтүстіктегі 35 құрылыс компаниясы теріс баға алды

436

Оңтүстікте 35 мердігер компанияға «жосықсыз» деген баға беріліп отыр. Бұл – осы компаниялар келер жылдан бастап өңірдегі бірде-бір құрылыс жұмыстарына қатыса алмайды деген сөз. Биыл күнгейде жүргізілген екі жүзге жуық нысанның құрылысы барысында келісім-шартта көрсетілген талаптарды орындамай, белгіленген кестеге бағынбағандарға қатаң шара көрілген. Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасының басшысының міндетін атқарушы Ермек Қыдыров мәлімдеді.

БАҚ өкілдерін құрылыс басқармасының 11 айда атқарған жұмысымен таныстыруға басшының міндетін атқарушы Ермек Сағындықұлы келді. Баяндамасына тыңғылықты дайындалып қана қоймай, сандарды жаттап та алған. Облыс бойынша құрылысы жоспарланған 306 нысанның жұмыс барысын жіліктеп таныстырды. Оның 150-і келер жылдың еншісінде қалыпты.

Сонымен, саралайық. Білім беру саласы бойынша 115 нысан салынса, соның 41-і биыл пайдалануға беріледі. Денсаулық саласы бойынша 68 нысан салынып, оның 53-інің құрылысы біткен. Спорт саласы бойынша 13 нысанның құрылысы жүргізіліп, 4 нысан салтанатты түрде ашылған. Мәдениет саласы бойынша 14 нысан салынған, оның 9-ы толық біткен, пайдалануға берілген. Мемлекеттік мекемемелерден 16 нысан жоспарланып, 15-і келер жылдың еншісінде қалған.

Осы құрылыс жұмыстарын жүргізу құқығын жеңіп алған мердігер компаниялардың 35-і «жосықсыз» деп табылып, сотқа талап арыз беріліпті. Олардың 15-і нысанның құрылысын созбалаңға салса, тағы 9 компания келісім-шартта көрсетілген талаптарды сақтамаған. Ал қалғандары құрылысты сапасыз жүргізген, бірнеше кемшілік жіберген. Олардың басым бөлігіне айып салынып, өндіріліпті.

«Сақалды» құрылысқа айналған нысанның бірі – Құрсайдағы №49 мектеп. Қыркүйекте 1200-ге жуық оқушыны қабылдаймыз деген биліктің уәдесі орындалмады. Мердігер компания қанша тырысып баққанымен, оқушылар ескі мектепті паналап, үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Жаңа жыл таяп қалса да мемлекеттік қабылдаудан сүрінген мектептің жайын құрылыс басқармасының өкілі ашық айтты.

Ермек Қыдыров, облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Мектептің құрылысы толық дайын. Онда екі мәселе бар еді. Бірі – электр жарығы болса, екіншісі – су. Бүгінгі таңда екі мәселеде шешілді. Күні кеше үшінші қабаттың жылуын жөндедік. Енді екі-үш күннің көлемінде мемлекеттік қабылдаудан толық өтеді. Келер жылдың басында-ақ оқушылар жаңа мектепке баратын болады.»

Ал «Қолжетімді тұрғын үй – 2020″бағдарламасының аясында 344 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Шымкентте – бес, Түркістан қаласында – екі, Отырарда – бір, Түлкібаста – бір, Шардарада он үй, яғни 481 пәтердің кілті иелеріне тапсырылыпты. Басқарманың атқарған жұмыстары жеткілікті, кеткен кемшіліктері де бар. Бірақ, алдағы жоспары жүйелі.