Президент Оңтүстіктің 200 оқушысына ноутбук сыйлады

371

Оңтүстікте ел Президентінің жаңа жылдық шырша мерекесі өтті. «Біз мәңгілік ел боламыз!» тақырыбы аясында өрбіген шараға 200 оқушы қатысты. Өңіріміздің 15 аудан-қалаларынан келген балғындардың әрқайсысына Елбасының атынан бір-бір ноутбук тарту етілді. Жаңа жылдық мереке жылдағыдан өзгерек өрбіді. Балдырғандарды құттықтап ертегі әлемінің барлық кейіпкерлері арнайы келді.

Президенттік шыршаға жиналған мәңгілік ел балдырғандарының көңілі шат. Ертегілер әлеміне серуендеп, жаңа жылдық қойылымның ерекше кейіпкерлерімен жүздесті. Шыршатойға жиналған әрбір оқушы ән мен жырға бөленіп, бар өнерлерін ортаға салса, Елбасы тікелей құттықтауын жолдады. Оны балдырғандар көгілдір экран арқылы тамашалады.

Балдырғандардың қуанышын бөліскен облыс әкімі Асқар Мырзахметов Елбасының балаларға жіберген базарлығын салтанатты түрде табыстады. Шыршатойына қатысқан 200 балдырған бір-бір ноутбук және қазақ батырлары турасындағы шығармалар мен сиқырлы математика кітабына ие болды.

Аяз ата, қарша қыз болмаса да шырша тойы тойланды. Ертегі кейіпкерлері балаларға сабақтарын жақсы оқып, үлгілілердің қатарынан қалыс қалмаса, келер жылы қайта қауышатындарын жеткізді. Айтпақшы, Елбасының ерекше шыршасына қатысу үшін оқушылардың басым бөлігі бестікке оқуға тырысады.

Осылайша 2014 жылды оңтүстікқазақстандық оқушылар толымды жетістіктермен қорытындылап отыр. Халықаралық және републикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауында, спорт және өнер сайыстарында облыстың 700 оқушысы жеңімпаз атаныпты.