Кәсіпкерлерге көмек қауымдастығы құрылмақ

408

Облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірдегі тоқыма саласындағы проблемаларды шешуге атсалыспақ ниетте. Кәсіпкерлердің қордаланған мәселелерін шешу мақсатында қауымдастық құрылады. Осылайша сала мамандары мен кәсіпкерлер кездесетін қиындықтарды бірге жеңеміз деп отыр.

006

«Балтекстиль» кілем тоқыма фабрикасының басшылары дайын өнімді өткізуде қиыншылықтарға тап болуда. Екі жыл бұрын іске қосылған серіктестікке үкімет тарапынан қолдау көрсетілмесе, Оңтүстік өңірінде отандық тоқыма кілем саласын дамытуға бағытталған бастама аяқсыз қалу қаупі бар дейді кәсіпкерлер.

Дәл осындай жағдай ерлер костюмдерін тігетін «Голден Номад» серіктестігінде де қалыптасқан. Нарыққа төтеп бере алмаған шағын кәсіпорынның басшылары міндетті салығын, коммуналдық қызмет түрлерін және қызметкерлердің жалақысын әрең төлеп отырғандарын айтады.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=U6njL-dI_uE[/youtube]

Ал былтыр жылдың соңында іске қосылған «Назартекстиль» тоқыма кілем фабрикасының өзіндік проблемасы бар. Кәсіпорын өнімдерін тасымалдауда көптеген қиындықтарға тап болады екен. Әсіресе, кедендік рәсімдеуге қатысты мәселе шаш-етектен дейді.

Жаңа ашылған кәсіпорындарға тән бұл мәселелерді кәсіпкерлер палатасы тек қауымдастық құру арқылы шешуге болатынын алға тартты. Бұған шағын және орта бизнес өкілдері қарсы емес. Тек айтылған талаптар орындалса болғаны деген тілектерін жеткізді.