Оңтүстікте 1500 армян бар

Әралуан себептердің ығымен қазақ даласына келіп, бүгінде осында тұрақтап қалған ұлттардың қатарында армян халқы да бар. Қазақстанның түпкір-түпкіріне шашырай қоныстанған армяндардың бір шоғыры Оңтүстік Қазақстан облысында тіршілік етіп жатыр. Облысымызда олардың басын біріктіретін армян этномәдени орталығы жұмыс істейді. Бүгінде орталыққа Наира Майтархановна Мовсисян төрайымдық етеді.

Наира Мовсисян, облыстық армян этномәдени орталығының төрайымы
Наира Мовсисян, облыстық армян этномәдени орталығының төрайымы

Негізінен, армяндардың Қазақстанға келуі тарихи хронологиялық ретпен үш мерзімге бөлінеді. Біріншісі, саяси репрессия мен Ұлы Отан соғыс жылдарындағы депортация. Екіншісі, 1988 жылы Арменияның солтүстік-батысында болған қуатты жер сілкінісінен үй-жайсыз қалған армяндардың өзге одақтас республикаларға көшірілуі. Үшіншісі, КСРО ыдырап, одақтас республикалар тарағаннан кейін армяндардың ауыр экономикалық дағдарыстың қысымынан басқа мемлекеттерге күнкөріс қамы үшін көшіп кетуі. Мінеки, армян халқының Қазақстан Республикасына тап болуы осындай негізгі үш себеппен түсіндіріледі.

Наира Мовсисян, облыстық армян этномәдени орталығының төрайымы:

– Облысымызда 1500-ге жуық армян тұрады. Басым бөлігі Шымкент қаласында болса, Мақтарал мен Сарыағаш аудандарында да оншақты армян отбасылары бар. Армяндар – еңбекқор халық. Қазақстанда «жұмыс істеймін» дегенге бір емес, бес жұмыс табылады. Ал, жұмыс істегісі келмегенге бірде-бір жұмыс табылмайды. Өңіріміздегі армяндардың дені бизнеспен шұғылданады. Мысалы, Сайрам ауданындағы республикаға танымал форель балығын өсіру шаруашылығының негізін армян азаматы қалаған. Зергерлік бұйымдар сату, пластикалық бұйымдар жасау, тіл үйрету орталықтары сынды салаларда кәсібін жүргізеді. Дәрігерлер, ұстаздар көп.

Облыстық армян этномәдени орталығын басқаратын Наира Майтархановна Мовсисян Қазақстанға тоқырау жылдарында келген. Дәлірегі, 1994 жылы Армения Республикасының Севан қаласынан күйеуі Гарик Ишханович Асатрян және екі баласымен бірге Шымкентке қоныс аударады. Алғаш келген күндерден-ақ дағдарыс жағдайындағы нарықтың қажеттіліктерін сәтінде ұғып, кәсіп бастайды. Күйеуі Гарик Ишханович темір ұстасы болғандықтан, темірден тұрмысқа қажетті түрлі заттар жасайтын шеберхана ашады. Ал, Наира Майтархановна кішігірім дүкеннің саудасын жүргізумен айналысады. Бүгінде дүкендердің санын молайтқан. Көркемсурет туындыларын, кәдесыйлар сатады.

04-004

Экономикасы тоқыраған бұрынғы бір социалистік елден екінші бір социалистік елге көшіп келуіңізге не себеп болды? Сол тұстағы капиталистік елдердің біріне көшпедіңіз бе? деген сұрауымызға «Тоқырау жылдарында Қазақстандағы дағдарыс Армениядағы дағдарыс жағдайымен салыстырғанда әлдеқайда жақсы болатын. Арменияда газ бен жарық мүлдем тоқтап, өшіп қалды. Өмір сүру жағдайы аса қиын еді. Шымкентке келген соң, осында қалатын болып шештік» деп жауап берді. «Бүгінде Қазақстан экономикасы кәсіп бастауға қолайлы, еңбек еткен адамға қажетті жағдай жасалған» деген Наира Майтархановнаның Арменияға қайта көшу ойы жоқ. Өз сөзінде: «Осында сіңістік, күйеуім де, балаларым да Шымкенттен кеткісі келмейді. Отбасымызбен Қазақстан азаматы екенімізді мақтан тұтамыз. Армян этномәдени орталығы құрылғалы бері Оңтүстік Қазақстанда күнкөрісі қиындап, тарихи отанына оралған армян отбасылары болған емес. Керісінше, Қазақстанға көшіп келіп жатыр. Армениядан осында қонаққа келген туыстарым мұндағы ұлттардың алуандығына таң қалады. Экономикасының тұрақтылығына қызығады. Көшіп келгісі келетіндері бар» дегенді де қосып қойды.

Елімізде 15 армян этно-мәдени орталығы жұмыс істейді. Армяндардың саны жөнінен Алматы қаласы алда болса, Астана, Қарағанды қалалары сәйкесінше екінші-үшінші орында. Ал, Оңтүстіктегі армян этномәдени орталығы 2003 жылдың наурыз айында құрылған. Содан бері орталықта қазақ тілін, армян тілі мен жазуын үйрететін курстар бар. Қазақстанға келетін Армения азаматтарының виза ресімдеу, осында орналасу, азаматтық алу бойынша іс-құжаттарына заңгерлік көмек көрсетеді. Түрлі құжаттарды армян тілінен қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне, не керісінше тәржімалайды. Нотариуспен куәландырады. Мұның бәрі тегін жасалады.

04-005

Армяндардың дәстүрлі терендез, вардавар сынды мерекелерін өткізуді ұйымдастырады. Терендез мерекесі – ақпан айының 13-жұлдызында өтеді. Бұл күні қос ғашықтар қол ұстасып, лаулап жанған оттың үстінен секіріп өтіп билейді. От үстінен секірген кезде айқасқан саусақтары ажырамаса, онда жұптың махаббаты мәңгілік, отбасы берік болады деп сенеді. Ал, тамыз айында болатын вардавар мерекесінде адамдар бір-біріне су шашады.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №4, 28.01.2015