Шардарада Тайырды танымайтын адам жоқ

Егер сіз біздің ауданға жиі келетін болсаңыз, Тайырды танып отырғаныңызға күмәніміз жоқ. Иә, иә, өз ісінің бесаспап шебері, Шардара қаласындағы «Бихон» дәмханасының тірлігін дөңгелетіп отырған Тайыр Дәуітовты барша шардаралықтар жақсы біледі. Онымен барлығы да емен-жарқын араласады. Біреулері Тайырды өзіне туыс санайды, біреулері дос тұтады. Әйтеуір ешкім жат санамайды. Ұлты ұйғыр болғанымен бар қазақпен бауыр болып кеткен. Қазақстан халықтары Ассамблеясының 20 жылдығы мерекесіне орай Тайырмен отырып, аз-кем әңгіме құрғанбыз.

07-010

 

– Біздің ата-бабамыз Қырғызстанның Талас жағында ғұмыр кешіпті. Отбасында 3 қыз, 2 ұл өстік. Шардараға қоныс аударып келгенімізде мен 5 жасар бала екенмін, – дейді Тайыр.

Тайырдың әкесі Иса ақсақал ата салты бойынша аспаз болып еңбек етті. Ал, анасы Қалбы апамыз үй шаруасымен айналысыпты. Тайырдың сауат ашып, алғаш табалдырығын аттаған мектебі қазіргі А.Әлімбетов атындағы білім ордасы. Кейіннен Ташкент қаласындағы №48 училищеде аспаздық оқуды бітіріп шықты.

Кәсіптік училищені бітіріп келгесін Шардарадағы орталық базардағы қоғамдық асханада алғашқы еңбек жолын бастады. Әкесінің қасында еңбек ете жүріп, Тайыр да бармағынан бал тамған кәсіпқой аспаз болып қалыптасты. Әрі қанмен келе жатқан аспаздық қасиет бар, қандай тағам болсын бабымен дайындап, жұрт көңілінен шығуға тырысатын. Күнделікті тағамдармен бірге ұйғыр ұлтының ұлттық дәмдері – манты, лағман, мампар секілді тағамдарды дәмді етіп дайын-дауды үйренді.

Тайырдың жұбайы Гүлнара Авасханқызы өзбек ұлтының өкілі. Оның әкесі Авасхан Бегалиевті де аудан халқы жақсы таниды. Шардара өз алдына аудан болып құрылған кезде Авасхан ағалар да осында келіп, түрлі құрылыс мекемелерінде қызмет атқарды. Жөндеу-механикалық зауытына басшылық жасады. Қазіргі таңда зейнет жасында, Шымкент қаласында ғұмыр кешеді. Уақытының көбін Шардарада өткізіп, жиен-немерелерінің қасында болғанды жақсы көреді. Бұрынғы Крупская, бүгінгі Құрманғазы атындағы мектепте оқыған Гүлнара Тараз қаласында білім алып, есепші мамандығын иеленді. Ол да алғашқы еңбек жолын әкесінің қасында бастап, жөндеу-механикалық зауытында есепші болып қызмет атқарды.

Тайыр мен Гүлнара нарық заманына тез бейімделіп кетті десек жарасады. Мекеменің бәрі жұмысын тоқтатып, ел-жұрт базар жағалап кеткенде бұлар орталық базардан бір дәмхананы жалға алып, аспаздық қызметін жалғастыра берді. Тайыр бас аспаз болғанда жұбайы көмекші болып, халыққа қызмет жасады. Өздері айтатындай «аспаз болған адамның біріншіден – тамағы тоқ болады, екіншіден – ақшасы болады» деген сөздер рас тегінде. Өздерінің жанындай сүйетін аспаздық кәсіптерінің арқасында ешкімнен кем болмай ғұмыр кешіп келеді. Тіпті, «заңгер», «экономист» деген дипломды қалтаға салғанымен, еш жерде жұмыс істемей, әрнәрсенің басын бір шалып жүрген көптеген ағайындарымыздан тұрмыстары көш ілгері деп айтсақ болады.

07-009

Ұйғырлардың салт-дәстүрлері:

Ұйғырларда қыздың қалың малын беру дәстүрі жоқ. Шаңырақ көтерген ұл тойдың шығынын жапса, міндетінен құтылды деген сөз.

Егер әйел тұңғыш перзентін өмірге алып келетін болса, демек ол баласын міндетті түрде төркінінде босануы шарт. Дәстүр бойынша жүкті келіннің туған анасы босану мерзіміне 20-30 күн қалғанда құдаларынан қызын өзімен бірге алып кетуге рұсқат сұрайды. Оны «тилэп елиш» деп атайды.

Бала өмірге келген соң 12 күннен кейін сәбиге есім қойылады. Бұл үшін күйеуінің туған-туыстары мен молда шақырылады. Қырқыншы күні оны жуындыру рәсімі өтеді. «Кирик суйи» деп аталатын бұл рәсімде ыдысқа тұз, адыраспан, 1-2 шақпақ қант, тиын салынады. Жуындыруды тамашалауға келгендер екі ағаш қасықпен суды келесі ыдысқа құйып, суды жылытып, баланы шомылдырады. Кейін шашы мен тырнағын алады.

Тайыр мен Гүлнараның 2 ұл, 1 қызы бар. Тұңғыштары Азиза – Тараздағы медициналық колледжді бітірді. Әлішер Шымкентте колледжде білім алады. Болашақ информатика маманы. Кенжелері – Сардар М.Горький атындағы жалпы орта мектебінде 2 сыныпта оқиды. Әке-шешелерінің айтуларынша осы Сардар ата кәсіпті жалғастыратынға ұқсайды.

Соңғы бес жылдан бері Ерғали Қарымсақовтың иелігіндегі «Бихон» мейрамханасының жұмысын жүргізіп келеді. Көл жағасында орналасқан көрікті орынның іші әр уақытта да босамайды.

– Халал істесең, тамағың да жақсы болады, келушілер де ризалығын білдіріп жатады. Облыстан, республикадан лауазымды адамдар қонақ болса, солардың ас-ауқатының қасында біздер жүреміз. Мұның өзі аудан басшыларының бізге үлкен сенім білдіріп отырғаны деп түсінемін. Ал, «Бихон» кафесіне неше түрлі үлкен кісілер, өнер адамдары кеп жатады. «Шаншар» театрының әртістері дейсіз бе, басқа да елге танымал әншілер, ақындар осы жерден тамақтанып, бізге рахметтерін айтады. Тамағымыз дәмді де сапалы болмаса адамдар келер ме еді, – дейді Гүлнара Авасханқызы.

07-011

Шебер аспазшылардың Шардараны туған жеріміз деп, қадірлеп-құрметтеп отырғанына сүйсіндік.

– Алматыға барып істеп көрдім. Болмады. Шынымды айтқанда, адамдарына үйрене алмай қайтып келдім. Астанаға, Шымкентке әлі күнге дейін шақырып, жақсы жұмыс ұсынамын деушілер көп. Бірақ, біз үшін шалқар теңізі бар осы мекен өте ыстық. Шардараға жетер жер көрмедік, – дейді Тайыр Дәуітов.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ

Шардара қаласы

«Оңтүстік Рабат», №7, 18.02.2015