Қариялар денсаулықтарын тегін тексерген күн

350

Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің денсаулығына алаңдаған облыстық клиникалық аурухананың дәрігерлері ашық есік күнін өткізді. Бұл шараға барлық аудан-қалалардың қарт майдангерлері шақырылыпты. Сондай-ақ, соғыс жылдары тылда еңбек еткендер мен көпбалалы аналарға да есік ашық болды.

Алдын ала арнайы шақыру алған ардагерлер ашық есік күніне асыға жетті. Оларды күтіп алған ақ халаттылар жіті тексеру жұмыстарын бірден бастады. Қарт кісілердің жүрек соығстарын тексерді, ішкі құрылыстарын арнайы зерттеуден өткізді. Қан қысымын қадағалап, анализ сараптамаларын да алып жатты.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=MfTVxWs_JQs[/youtube]

Жасыратыны жоқ, қарт майдангерлердің денсаулығы сыр берген. Оның үстіне жастары да келген. Бойларында кінәраттары да бар дейді дәрігерлер. Сондықтан жіті қадағалап, саулықтарын сауықтырып отыруға бел байлаған.

Қалия Толшыбаева, бас дәрігердің емдеу ісі бойынша орынбасары:»Ол кісілердің ауруы жоқ деп айта алмаймыз. Әрқайсысынң бойында бір емес, бірнеше кінәрат бар. Сол себепті барлық мамандар тексеруден өткізеді. Бізге бейбіт өмір сыйлаған жандарға осылай құрмет көрсетуді шештік. Егер ауруханаға жатқызып емдеу керек болса, бізде арнайы орындар бар.»

Соғыс ардагерлерімен қоса тыл еңбеккерлеріне де қызмет көрсетілді. Облыстық клиникалық аурухананың заманауи үлгіде жабдықталғанын ескерген көпбалалы аналар да ашық есік күнінен қалыс қалмады. Толықтай тексеруден өтіп, тегін кеңес алды. Қорытындысы бойынша ауруханада жатып, арнайы ем-дом алатындары болады екен.

Бір күнді ҰОС-ның ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арнаған дәрігерлер алпысқа жуық жанға қызмет көрсетіпті. Оның ішінде алыстан ат арылтып келгендері де бар. Мұндай шараның жиі өткізіп тұруды жоспарлаған ұжым жеңіс сыйлаған қаһармандардың алғысын арқалады.