Облыс әкімі мерекелік кездесу өткізді

473

8-наурыз − әлемді тербеген, адамзатты шуаққа бөлеген аналардың мерекесі. Көктеммен бірге келген халықаралық әйелдер күні мерекесінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов салтанатты кездесу өткізді. Бұл шараға қоғам дамуына сүбелі үлес қосып жүрген әйелдер мен қыз-келіншектер жиналды. Ал қала әкімі нәзік жандыларға құрмет көрсетті.

Жаңа әкімшілік-іскерлік ғимараттың мәжіліс залына жиналған нәзік жандылардың барлығы облыстың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан. Еткен еңбек еленіп, бүгін үлкен құрметке бөленгендердің арасында Сайлаугүл Барахова да бар. Оңтүстіктің құрметті азаматы өңір басшысының қыз-келіншектермен кездесуге уақыт тапқанына дән риза.

Сайлаугүл Барахова, ОҚО құрметті азаматы:»Әйел күлсе – әлем күледі. Ол баласының басын сипаса – ұрпағы риза, жарына «Жаным» десе – жұбайы риза, жымиып шай берсе – отбасы риза. Отбасының риза болғаны – мемлекеттің тыныштығы, бірлігі.»

Мерекелік кездесу барысында ашық әңгіме өрбіді. Аналардың бірі облыс басшысына алғысын айтты, енді бірі өтінішін жеткізді. Билікте әйел баласы аз дейді. Осы тұста сандарды сөйлетсек, күнгейде 2 млн. 780 мың адам тұрады. Оның тең жартысы – әйелдер. Нәзік жандылардың үш мыңға жуығы – мемлекеттік қызметші. Ал 17-і – әйел қалалық және аудандық мәслихат депутаттары.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=qh7JBnmE710[/youtube]

Әдемі әңгіменің соңында сый-сияпат үйлестірілді. Асқар Исабекұлы аналар мен қыз-келіншектердің қолына өзімізде жасалған күміс білезік тақты.

Осылайша түрлі салада жемісті жұмыс жасап жүрген жандарға құрмет көрсетілді. Ерлер қауымы әйел баласының көзге көрінбейтін, бірақ баға жетпес еңбегін елегеніне ризашылық білдірді.