Жарылыстан баспанасыз қалғандарға жаңа пәтер берілді

202
кілтті салтанатты тапсыру рәсімі

Шымкентте табиғи газдың жарылысы салдарынан баспанасыз қалған сегіз отбасыға пәтер кілті тапсырылды. Бар-жоғы екі айдың ішінде зардап шегушілердің тілегі орындалып, қуанышқа кенелді. Салтанатты шара қала әкімдігінде өтті.

кілтті салтанатты тапсыру рәсімі

Бұл сегіз отбасы қақаған қыстың ортасында баспанасыз қалған болатын. Содан бері жатақхананы паналап, күнелтті. Билік берген уәдесінде тұрып, екі айдың ішінде қайтадан үйлі етті. Ол үшін қалалық бюджеттен 69 млн. теңге бөлініпті.

Бейсенбек Жанбосынов, қала әкімінің орынбасары: «Бюджеттен 69 миллион теңге бөлінді. Ол қаржы – қала әкімдігінің төтенше жағдайдың салдарынан жоюға бағытталған қаражат. Бұл ақшаға үш бөлмелі екі пәтер, екі бөлмелі алты пәтер сатып алынды».

Еске салайық, 20-желтоқсан күні Ақназархан көшесіндегі № 62 үйде газ жарылып, оқыс оқиға орын алған болатын. Соның салдарынан 8 пәтерлі үй қирап қалды.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=a5-KQoxslag[/youtube]

Сөйтіп, тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Күшті жарылыстан үйдің негізгі қабырғалары қирағандықтан, оны қалпына келтіру оңай болмаған. Оны апатты деп тапқан мамандар баспананың қалдығын сүріп те тастады.

Бұл оқыс оқиға 67 жастағы Роза Карчагинаны есеңгіретіп тастады. Бірақ әкімдік мамандарының баспанасыз қалмайсыз деген уәдесі қайта жігерлендіріпті. Бүгін жаңа пәтерінің кілтін алғанда көзіне жас та ұялады. Қуанышы қойнына сыймай, пәтерді арнайы келіп көрді.

Роза Карчагина: «Қуаныштымын. Мойындаймын, басында күдік болды. Бірақ, наурызда үй береміз деді – берді. Әкімдікке рахмет. Баспанам өзіме ұнады. Алғыстан артық айтарым жоқ».

Үш бөлмелі пәтері су жаңа болмаса да заманауи жөндеуден өткен. Көз қуантарлық. Таза әрі жылы үйге кірген азаматшаны алғашқылардың бірі болып, көршісі құттықтады.

Үміт Нұрмағанбетова: «Жаңа көршімді бұрынан танимын. Қыстағы жағдай бізді де бей-жай қалдырмады. «Бір жамандықтың соңы жақсылық болады» деген рас қой, енді жаңа баспана жаңа табыс әкелсін деп тілеймін».

бұл кісі өзіне берілген пәтерге көңілі толмады
Ал мына кісінің өзіне берілген пәтерге көңілі толмады

Дегенмен, пәтер кілтіне ие болғандардың арасында көңілі толмаған тұрғын да кездесті. Айтуынша, оған тым ескі пәтер беріліпті. Оны қайта жөндеуге, есік-терезесін ауыстыруға қаржысы жоғын алға тартып, көзіне жас та алды.

Айта кетейік, әкімдік мамандары сол кезде-ақ үйсіз қалғандарға су жаңа пәтердің берілмейтінін ескерткен болатын. Сондықтан бөлінген қаржыға қолданыста болған баспана сатып алынған. Тұрғындардың өтініші бойынша үй өздері тұрған шағынауданнан сатып алынып отыр.