Құжатты қалай ауыстырамыз?

16-005«Жеке бас куәлігімнің жарамдылық мерзімінің өткеніне 1 айдан асты. Ауыстыру үшін  не істеуім керек?», «Төлқұжатымды жоғалтып алдым. Жаңасын алу үшін айыппұл төлеуге міндеттімін бе?»  Редакцияға хабарласып жатқан оқырмандар төлқұжат пен жеке бас куәлігін алу, ауыстыру тәртібі жайында білгісі келеді. Оқырмандардан келіп түскен сауалдарды ОҚО ІІД Көші-қон полициясы басқармасы басшысының орынбасары Хадиша Баймұқашеваға жолдай отырып, мән-жайды түсіндіріп беруін сұрадық.

Жеке бас куәлігін қалай ауыстырамыз?

Жеке куәлік 16 жастан бастап, 10 жылға беріледі. Яғни, құжат мерзімі аяқталған күннен бастап, әр 10 жыл сайын ауыстырылады. Ол үшін ХҚКО қызметіне:

– Мекенжай анықтамасын;

– Жеке куәлік (тексеру үшін)

– 3,5х4,5 мөлшерлі 3 фотосурет;

– 396 теңге көлемінде мемлекеттік баж салығын төлегендігі жайлы түбіртекті тапсыру қажет.

Хадиша Қуанышқызының айтуынша, арамызда жеке куәлігінің мерзімі өтіп кетсе де, жаңасын алуға асықпайтындар бар. Алайда олар  ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабы, 2- тармақшасына сәйкес, әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын біле бермейді.

– Жеке куәліктің жарамдылық мерзімі аяқталған күннен бастап ауыстырған абзал. Егер, 10 жұмыс күн ішінде ауыстырылса ешқандай айыппұл санкциясы салынбайды. 3 айға дейін жасатылмаса ескерту беріледі.   Ал, егер 3 айдан асса 5 АЕК (9910 теңге) көлемінде айыппұл салынады, – дейді Хадиша Баймұқашева.

Төлқұжаттың пайдалану мерзімі асып кетсе…

– Халықты құжаттау және тіркеу ережесіне сәйкес Қазақстан Респуб-ликасы азаматының төлқұжаты (паспорт) азаматтарға олардың жасына қарамастан өз қалаулары бойынша беріледі. Сондықтан да,  пайдалану мерзімі асып кеткен төлқұжатты ауыстыру немесе ауыстырмауды азаматтың өзі шешеді. Пайдалану мерзімі асып кеткен төлқұжат үшін әкімшілік заң шығарушы тарапынан ешқандай жауапкершілік  қарастырылмаған, айыппұл да салынбайды.

Ескеретін жәйт, жаңа құжат  алу кезінде тек қана – 7928 теңге көлемінде мемлекеттік баж салығы төленеді,- дейді ол.

Сондай-ақ маман, төлқұжатты оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін ауыстыратын жәйттердің де кездесетінін тілге тиек етті. Айтуынша, бұл азаматтардың паспортты қолданылу мерзімі шетелде болған уақытта аяқталуымен байланыс-ты. Сондықтан да маман, осындай келеңсіз жағдайдың алдын алу үшін төлқұжатты сапарға дейін ауыстыруға кеңес береді. Себебі, құжатты кез келген уақытта  жарамдылық мерзіміне қарамастан ауыстыруға болады. Ол үшін ХҚКО-на:

– Мекенжай анықтамасын (тексеру үшін түпнұсқа және көшірме);

– Жеке куәлік (тексеру үшін түпнұсқа және көшірме);

– 7928 тенге көлемінде мемлекеттік баж салығы төленгені жайындағы түбіртек;

– 3,5х4,5 мөлшерлі 3 фотосуретті тапсыруы қажет.

Айтпақшы…

Жеке бас куәлігі мен төлқұжат 30 күнтізбелік күнде беріледі. Қажет болған жағдайда жеделдетілген түрде 7 ден 15 жұмыс күніне дейінгі мерзімде жасатуға да болады. Ол үшін:

7 жұмыс күні – 1 989 теңге;

10 жұмыс күні – 904 теңге;

15 жұмыс күні – 563 теңге төлесеңіз болғаны.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ