Ұлы жеңістің жауынгері – Құлбосын Нұрашев

464

Майданда шыныққан ердің бірі – Құлбосын Нұрашев. Ардақты ардагер фашистерді кейін шегіндіргені үшін Иосиф Сталиннің өзінің алғыс хатын алған. Себелеген оқтың астынан аман қалғаны үшін Жаратушыға шүкірлік етеді.

Кеудесінде «Ұлы Отан соғысы» ордені, ерлік үшін берілетін екі бірдей медалі мен мерейтойлық бірнеше төсбелгілері жарқырайды. 94 жастағы бұрынғы гвардия подполковнигінің арманы – ел тыныштығы.

Құлбосын атаны іздеп, Төлеби ауданындағы Нысанбек ауылына бардық. Киелі Қазығұрт тауының қойнауындағы ауылда Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады. Ауылдың қадірменді қариясы, батагөй ақсақалы, қарт майдангер 1922 жылы орта дәулетті отбасында дүниеге келіпті. Соғыс басталған жылы әскерге аттанған Құлбосын алғыр болыпты.

Біздің келгенімізді естіген ардагер далаға алып шығуды өтінді. Мұндағысын тауды сағынғанымен түсіндірді. Таза ауа – менің ұзақ жасауымның құпиясы деп, ән сала жөнелді.

Патриоттық әндер сұрапыл соғыс жылдары әр солдатқа рух берген. Мұны атай ерекше атап өтті. Сондықтан болар, қарт майдангер соғыс жылдары жүректе жатталып қалған әнін жиі айтады. Өзіне жұбаныш іздейді.

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=GRqK89xs6tw[/youtube]

Сұрапыл соғыс жанарынан айырса да мойымаған Құлбосын Нұрашев тауға қарап рух алады, бауға қарап, жанын тыныштандырады. Бейбіт өмірдің белестерін көзбен көрмесе де, жүрекпен сезеді.

Сұрапыл соғыс жылдарындағы естеліктері де том-том. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқас, Днепр өзенінен өтудегі қанды қырғын, есепсіз опат болған кеңес жауынгерлерінің бейнесі мен адам сенгісіз ерлігі жадында жаңғырып тұр.

Жас Құлбосын 1941 жылдың соңында Свердловск қаласында Мәскеуді қорғауға арнайы жасақталған еріктілер қатарына қосылады. Қан майданның қызған шағында, яғни, 1942 жылы Кеңес Одағаның Батыры Мәншүк Мәметовамен бірге жауға оқты жаңбырша жаудырады.

Қарт майдангер №64 гвардиялық-атқыштар дивизиясының құрамында соғысады. Екі рет қатты жараланып, госпитальде ұзақ емделеді. Аяғынан тұрғаннан кейін айрықша бөлімде қызмет атқарып, Иосиф Сталиннің алғыс хатын алған.

Ұлы Жеңістің хабарын Шығыс Пруссия шекарасындағы Кенингсбергте жүріп естіген жауынгер елге оралып, өзінің туған жері Төлеби ауданындағы Екпенді орта мектебінде әскери жетекші болып қызмет етеді.

Алғырлығымен танылған жас жігітке сенім білдірген аудан басшылығы кейіннен оны Диханкөл орта мектебіне директор етіп жібереді. Содан отбасылы болып, үлгі-өнегесі бар ұрпақ өсіреді. Туған жерінің гүлденуіне 40 жылға жуық еңбек сіңіреді. Мұнысын ел бағалайды.

Ғалым Нұрашев, Қ. Нұрашевтың ұлы: «Әкеміз өте еңбекқор жан. Құр қарап жатпайтын. Ауданның дамуына үлес қосты, қоғамдық жұмыстармен белсене араласа жүре біздерді оқытты. Өсірді. Зейнетке шыққаннан кейін де еңбек етті. Бау екті, жылқы баптады. Оның жанының тазалығын ауылдың бәрі біледі».

Бір айта кетерлігі, білім саласының ардақты ардагері, қатаң тәртіптің тәлімгері, гвардия подполковнигі Нұрашев Құлбосын ақсақал еткен еңбегі үшін ақы сұрамаған.

Құлбосын Нұрашев, Ұлы Отан Соғысының ардагері: » Мен үй сұрамадым, машина сұрамадым. Өзімнің қарашаңырағым бар. Осында қалдым. Жаман тамымды сылап-сипап, қайта тұрғызып алдым. Менің байлығым – балаларым, солар аман болса, болғаны».

Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын еңсесін тіктеп қарсы алғалы отырған ардагердің ендігі арманы – елінің тыныштығы, жастардың амандығы.