Кәріс театры қазақтың Зылихасын сахналады

444
Елена Ким

«Әйел махаббаты». Республикалық мемлекеттік кәріс музыкалық комедия театры осындай тақырыпта күнгейлік көрерменге қойылымын ұсынды. Қаламгер Жұмагүл Солтиеваның шығармасын сахналау үшін ұжым жыл бойы дайындалыпты. Спектакльде Алаштың арысы Мағжан Жұмабаевтың ғана емес, оның сүйген жары Зылиханың өмір жолы мен ондағы халықтың төл тұрмысы да көрініс тапқан.

"Әйел бақыты" қойылымы
«Әйел бақыты» қойылымы

Ұлт мақтанышы, марқасқа Мағжанның сүйген жары Зылиха «жұпыны» қоғамнан тек жарықты ғана көрді. Жарқын болашаққа сенді. Себебі оны алға сүйреген арманы бар-тын. Әйел бақыты мен еріне деген риясыз құрметті де көрермен жаны мейірімге тұнған кейіпкердің бойынан көре алды. «Әйел махаббаты» қойылымы – театрдың жас қоюшы-режиссері Елена Кимнің алғашқы туындысы. Өнер иесі қойылымда басты рөл -Зылиханы да өзі сомдады.

Елена Ким
Елена Ким

Елена Ким, республикалық мемлекеттік кәріс музыкалық комедия театрының әртісі, қоюшы-режиссер: «Уақыт өте келе спектакльдің сахналану мәнері өзгеруі мүмкін, себебі мен ізденуден жалықпаймын, оны толықтырып, көрерменге қайта ұсынуым да мүмкін. Автордың еңбегін бүгінгі қоғаммен байланыстырып, заманауи үлгіде өзгерттім. Ал Зылиханы ойнау маған оңайға түскен жоқ, көпшіліктің алдында үлкен қобалжуды сезіндім, тіпті кей сәттерде дауысым дірілдеп шықты».

8007

Оқиға желісінде ақын Мағжанның, оның сүйіктісі Зылиханың өміржолы көрініс тапқан. Қиын-қыстау замандағы бастан өткерген жағдайлар да ашық баяндалады. Бірақ, Зылиха күресуін жалғастырды. Театр басшылығының сөзіне сенсек, ұжым қазақ қаламгері Жұмагүл Солтиеваның шығармасын сахналау үшін жыл бойы дайындалған.

Любовь Ни
Любовь Ни

Любовь Ни, мемлекеттік кәріс музыкалық комедия театрының директоры: «Театр қоржынында 200-ден астам спектакль бар, бірақ Мағжан мен Зылиханың өмірін көрсету арқылы біз еркіндіктің, тәуелсіздіктің қадырын ұқтырғымыз келді. Театрдың өзге де ұжымдардан ерекшелігі – бізді ұлттық кәріс мәдениетінің барлығы да бар. Мәселен, драмалық, кәріс ұлттық балет ұжымы, сазды вокал, би топтары қызмет етеді».

Ольга Ким, көрермен: «Әлемде кәріс театрының бірі кәріс мемлекетінде болса, екіншісі Қазастанда ғана бар. Бүгін әртістер қазақ әйелінің жанына үңіліп, оны шебер сомдап жатыр. тіпті сол заманда өзіміз жүргендей әсер алдық».

[youtube]https://www.youtube.com/watch?v=_EiB1mETl1Y[/youtube]

Құрсаудағы қоғамды, онымен арпалысқан Алаштың арысы Мағжан мен ақының жары Зылиханың ерлігін көрсеткен ұжымның өнеріне тәнті болған көрермен түрегеліп қошемет көрсетті. Айта кетейік, бүгінде 83 жыл тарихы бар теардың 46 әртіс қызмет етеді. Оның 14-і «Әйел махаббаты «қойылымында сахнадан көрінді.