Жас суретшілер М.Жұмабаевтың шығармашылығын насихаттады

1675

«Бір өлең – бір сурет». Күнгейде осындай тақырыпта жас суретшілердің байқауы өтті. Өнер сайысы биыл қазақтың біртуар қаламгері Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған. Яғни, жарыс қатысушылары автордың «Батыр Баян» дастаны негізінде сурет салды.

Арайлым Бекбаеваның жасы – 16-да. Жас суретші қазір қаламыздағы Ә. Қастеев атындағы колледжде білім алады, арнаулы оқу орнының 1-курс студенті. Жасынан қоғамдағы қайбір құбылыстарды қаламына арқау етіп, қиялындағы бейнені бояумен баяндайтын қыз бұл жолы да тосылған жоқ. «Батыр Баян» дастанындағы басты кейіпкерлердің болмыс-бітімін, түр-тұлғасын санаулы сағаттардың ішінде суреттеді.

Арайлым Бекбаева, жас суретші: «Мен Батыр Баянды салдым, бояуы қанық шығуы үшін қою түстерді қолдандым. Маған ең қиынға түскен сәті – батырдың бет-әлпеті мен жүзіндегі қаталдығын суреттеу. Сосын жылқының қимыл-қозғалысын да салу оңайға түскен жоқ. Бірақ қолымнан шыққан туынды өзіме ұнады. Бастысы, берілген тапсырманы орындап шықтым».

«Бір өлең – бір сурет» өнер байқауы биыл өңірімізде 2-ші рет қолға алынып отыр. Ұйымдастырушы тарап – облыстық бейнелеу өнері мұражайы басшылығының айтуынша, үміткерлердің жас ерекшелігі – 16-29 жас аралығын қамтуы тиіс.

Айнабек Оспанов, облыстық Бейнелеу өнері мұражайының директоры: «Қатысушыларға қойылатын талап – тақырыптан ауытқып кетпеуі керек. Сол дастан-шығармадағы өзіне әсер еткен уақиғаны шебер салған адамның қолтаңбасы ескеріледі. Бұл – суретші еркіндігі деген сөз! Яғни, ол Баянды немесе Ноянды, я болмаса моңғолдың қызын салса да еркі. Бастысы – сурет мағыналы, мазмұнды, тарихи туынды екенін айшықтаса болғаны».

Сонымен, «Бір өлең-бір сурет» облыстық байқауының бас жүлдесін Бақытжан Темірхан жеңіп алды. Жеңімпазға қаржылай сый – 120 мың теңге тапсырылды. 1-орыннан жас талант Маржан Ілясова көрінді. 2-орынды Аманылла Дінмұхамед еншіледі. Жүлделі үшінші орынға Әділет Әріпбай қанағат тұтты. Айта өтетін ақпарат, биыл жарыстың жүлдеқоры – 1,5 миллион теңгені құрап отыр. Ал осынау жас суретшілердің облыстық деңгейде өрбіген байқауына 35 өнерпаз қатысты.