Оңтүстікте мақта егу науқаны басталды

788
Фото: //dekeli.ru

Оңтүстік Қазақстанның бірқатар аудандарының шаруалары мақта егуге кірісіп кетті. Бүгінгі таңға дейін 64 мың гектарға мақта дәні себіліп, жоспарланған жұмыстың 56 пайызы орындалды. Науқан мамыр айының басына дейін жалғаспақ.

Өткен жылы Мақтаарал ауданының егістігін әртараптандыру бойынша қабылданған кешенді іс-шаралар жоспары шеңберінде мақта алқабы 8 мың гектарға қысқарды. Оның орнына экономикалық тұрғыдан тиімді болып саналатын бақша, жүгері, жоңышқа, көкөніс, жеміс-жидек пен жүзім егілді.

Фото: //dekeli.ru
Фото: //dekeli.ru

Осы жұмыстардың нәтижесінде қосымша 6 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Яғни, егістікті әртараптандыру мақтаға қарағанда тиімді екені іс жүзінде дәлелденді. Биыл облыста мақтаның егіс көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға қысқартылып, 114,5 мың гектарды құрап отыр.

Қысқартылатын мақталықтың есебінен жеміс-жидек пен жүзім дақылдарының егіс көлемі ұлғаяды. Сонымен қатар, егілген мақтаның гектарына 11 мың теңге, алынған өнімнің бір тоннасына 4,5 мың теңге субсидия төленетін болады. Өңірге жеңілдетілген бағамен 80,7 мың тонна минералды тыңайтқыш бөлініп, оның 26 мың тоннасы шаруаларға таратылды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі