10 сәуір күні облыс әкімі А.Мырзахметов өңірімізде баламасы жоқ заманауи спорт және салауатты өмір салтын қалыптастыру кешенінің ашылуына қатысты. Мамандардың бағалауынша, «Royal Club Fitness & SPA» спорт-сауықтыру кешені осы бағыттағы ұйымдардың ішінде люкс санатына жататын бірегей орталық болып отыр. Жоба құны – 2,8 млрд. теңгені құрайды.
Аумағы 9 мың шаршы метрді құрайтын кешенде тренажер залы, балалар фитнес клубы, топтық бағдарламалармен шұғылдануға арналған 8 зал, 4 SPA-кешені, 2 жүзу бассейні, футбол алаңы, салауатты тағам ұсынатын мейрамхана және т.б. бөлімдері бар.
Мұнда 180 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жаттығу залдарына «Life Fithess», «Techno Gym», «Hummer Strange», «Hoist rock it», «Precor» сынды әлемге танымал спорттық брендтердің кәсіби құрал-жабдықтары орнатылған.
Кешен өз клиенттеріне жас ерекшеліктеріне сай топтық бағдарламалардың кең көлемін ұсынбақ. Атап айтқанда, бес бағыттағы би жаттығулары, йога, пилатес, шығыс жекпе-жегі, кәсіпқой ринг, сквош, сайкл, т.б. қызмет түрлерін көрсетеді. Барлық жаттығулар халықаралық дәрежедегі шеберлердің жетекшілігімен атқарылмақ.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі