Студенттер үшін жатақхана мен пәтердің айырмашылығы

1489
Жатақхана өмірінен бір сәт... студенттер бас қосып, жұмыла сабақ оқиды

Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысында 88 099 студент бар. Оның 68 363-і күндізгі бөлімде білім алады, ал 19 736-сы – сыртқы бөлімнің ізденушілері. Студенттердің басым бөлігі шалғай ауыл-аудан келген. Сондықтан пәтер жалдап, облыс орталығында оқып жүр.

Тек мемлекеттік жоғарғы оқу орындарының бірқатарында студенттер жатақханаға жайғасқан. Бұл жөнінде облыстық «Жастар орталығы» мекемесінің мамандары мәлімдеді.

Назгүл Мәдиомарованың жасы – 18-де. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының І курс студенті. Шалғай ауылдың тумасы болғандықтан, университтетке тиесілі жатақханаға жайғасқан. Назгүлдің айтуынша, жатақхана – қауіпсіз баспана ғана емес, қаржыны үнемдеудің жолы.

Назгүл Мәдиомарова
Назгүл Мәдиомарова

Назгүл Мәдиомарова, ОҚМПИ студенті: «Әрине, алғашында жатақханаға үйрене алмай жүрдім. Басында үйіме қайтқым келетін. Ал қазір өз үйімдей болып кетті. Бір бөлмеде 4 қыз тұрамыз, апалы-сіңлідей болып кеттік. Жатақханаға келу – менің таңдауым болды, бір жағынан ақшасы да жақсы, жылына 23 мың теңге төлейміз. Тобымызда пәтер жалдайтындар бар, айтуларынша, айына 45-50 мың теңге төлейді және қосымша коммуналдық төлемдері бар. Ата-анамның қалтасына салмақ салмайын деп, осы баспанаға келгенмін. Жатақханадан жаңа достар таптым, емтиханға да топтастарыммен бірге дайындаламын».

Түс ауа жастардың бірі сабақтан келіп жатса, екіншісі ас-ауқат дайындаудың қамына кіріскен. Жатақханада студенттер тамақты да өздері әзірлейді. Бұл үшін асхана табиғи газ да қарастырылған.

Нұрбол Бұхарбаев
Нұрбол Бұхарбаев кешкі астың қамына кіріскен

Нұрбол Бұхарбаев, ОҚМПИ студенті: «Аптасына кезекшілік кестесін жасаймыз, сол бойынша ас дайындап, бөлмені жинаймыз. Бүгін менің кезегім, картоп қуырудамын. Үйде қазанға жоламайтын мен мұнда нағыз аспазшы болып кеттім, барлық тағамның түрлерін пісіре аламын. Айына бөлмедегі достарыммен бірге 5-6 мың теңгені азық-түлікке жұмсаймыз».

Жатақханада асханадан бөлек, кітапхана, кинозал, ғаламтор бөлмесі, киім жуып, үтіктеу бөлмелері бар. Қысқасы, мұнда сабақты үздік оқуға жағдай жасалған. Бірақ студенттер үйінің тұрғыны арнайы ереже-тәртіпке бағынуы тиіс.

Рысалды Атығаев, жастар ісі жөніндегі комиттетің төрағасы: «Қазіргі уақытта жатахқанаға жататын студенттер саны былтырғымен салыстырғанда анағұрлым артқан. Ішкі ереже-талап бар, оны орындамаған адамға ескерту жасалады. Бірнеше рет қайталанса, студент жатақханадан қуылады. Мәселен, тұрғын техникалық қауіпсіздіктерді сақтауы керек. Түнгі сағат 22:00-де жатақхана есігі жабылады».

Жатақхана өмірінен бір сәт... студенттер бас қосып, жұмыла сабақ оқиды

8051

Ауылдан арман қуып, жоғарғы оқу орнының табалдырығын аттаған келесі кейіпкеріміз – Амангүл Махмұдова. І курс студенті бүгінде қаламыздағы көпқабатты үйлердің бірінен пәтер жалдап тұрады.

Амангүл Махмұдова
Амангүл Махмұдова

Жалғыз емес, жасынан бірге өскен құрбыларымен. Айтуынша, жатақхана емес, пәтерге жайғасуының да себебі бар.

Амангүл Махмұдова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің студенті: «Мен Мақтаарал ауданындағы Жетісай қаласының тұрғынымын. Биыл оқуға түскен соң пәтер жалдауыма тура келді. Кішкентайымыздан бір сыныпта оқыған қыздармен тұрамын, пәтерақысы – айына 60 мың теңге. Оны 6 қыз бөлісіп, 10 мың теңгеден төлеп жүрміз».

Сонымен, жатақхана студенттері оқу жылына мемлекеттік баспананы паналағаны үшін 23 000 теңге төлейді. Ал пәтер жалдаған студенттер мұнша ақшаны айына жұмсайды, коммуналдық қызмет ақысы тағы бар. Ендеше, айырмашылығын өзіңіз саралай беріңіз.